Ерболат Досаев Алматыда су тарифі неліктен 3 есеге өскенін түсіндірді

Алматы әкімі Ерболат Досаев қаладағы коммуналдық қызмет тарифтерінің көтерілу себебін түсіндірді, – деп хабарлайды Taspanews.kz қала әкімдігіне сілтеме жасап.
Әкімнің айтуынша, өзгерістер тұтыну нормаларын қайта қарау және пайдаланылған ресурс көлеміне байланысты дифференциалды. Бұл шешім есеп-қисап жүйесін реттеп, тұрғындарды суды үнемді пайдалануға ынталандыруға бағытталған.
Жетісу ауданының тұрғындарымен кездесу барысында қала тұрғындарының бірі коммуналдық төлемдердің «үш есеге» өскеніне алаңдаушылық білдірді.
Алайда Досаев жағдайдың соншалықты күрделі емес екенін айтты.
«Біз тұтыну көлеміне қарай дифференциаладық, әр адамға орта есеппен қанша су қажет екенін есептедік. Осы өзгерістердің нәтижесінде түбіртектер қалыпқа келеді. Ал суды үнемді пайдаланатын тұрғындар үшін айырмашылық аса үлкен болмайды», – деді әкім.
Ерболат Досаев суды ұқыпты пайдаланудың маңыздылығын атап өтіп, тұрғындарды ауладағы жасыл желекті ауыз сумен суармауға және суды пайдаланғаннан кейін кранды жабуды ұмытпауға шақырды.
Сонымен қатар, әкім әлеуметтік жағынан осал топтарға қолдау шаралары қарастырылғанын жеткізді. Олардың коммуналдық шығындарының бір бөлігін өтеу мақсатында өтемақылар қарастырылған.
«Әлеуметтік осал санаттағы азаматтарды (ӘОСА) қолдау үшін Алматы әкімдігі коммуналдық тарифтердің қымбаттауына байланысты өтемақы береді.
2023 жылдың 1 шілдесінен бастап менің тапсырмам бойынша ай сайын 0,8 АЕК (шамамен 3 146 теңге) көлемінде төлем жасау бағдарламасы іске қосылды. Бұл көмек ҰОС ардагерлері, көпбалалы отбасылар, мүмкіндігі шектеулі жандар және зейнеткерлерге арналған.
Бұл шара тарифтердің өсуінен туындаған қаржылық ауыртпалықты жеңілдетуге бағытталған», – деп еске салды әкім.Айта кетейік, 1 ақпаннан бастап Алматыда су және кәріз тарифтері өзгерді.
Сонымен қатар, «Алматинские тепловые сети» ЖШС өкілдері ақпан айындағы түбіртектерде желтоқсан мен қаңтардың бір бөлігі үшін есептелген төлемдер көрсетілгенін, бұл түпкілікті соманың ұлғаюына әсер етуі мүмкін екенін айтты.
Қала тұрғындары үшін суық судың базалық тарифі – 91,96 теңге/м³, ал кәріз жүйесіне төлем – 83,54 теңге/м³. Ал орташа тариф 135,24 теңге/м³ деңгейіне жетті.2024 жылдың қыркүйегінен бастап «Инвестицияға айырбас тариф» бағдарламасы аясында жеке тұлғалар үшін «әлеуметтік тұтыну нормалары» енгізілді.
Бұл жүйе бойынша тарифтер тұтыну көлеміне қарай сараланады: • 3 м³ дейін – 91,96 теңге/м³ • 3-5 м³ аралығы – 110,36 теңге/м³ • 5-10 м³ аралығы – 137,94 теңге/м³ • 10 м³ астам немесе есептегіші жоқ тұтынушылар үшін – 183,92 теңге/м³.