FlyArystan тағы да жанжалға тап болды
FlyArystan әуе компаниясы әлеуметтік желідегі жарияланымға байланысты тағы да дау-дамайдың ортасында қалды, деп хабарлайды Taspanews.kz.
Threads-та жарияланған бұл пост бір күн ішінде 130-дан астам пікір мен ондаған репост жинап, көптеген қазақстандықтардың ашуын тудырды. Көпшілік оны әуе компаниясының пассивті агрессиясының көрінісі деп қабылдады. Пайдаланушылардың пікірлерінде негізінен сын басым болды: жұртшылық жарияланымды ұнатпағандарын айтып, компанияны жағымсыз қарым-қатынасы үшін айыптады.
«Ашты сөздер үшін респект, бірақ мен бұл компаниямен ешқашан ұшқан емеспін және ұшпаймын да! Ал сіздер, керісінше, жазбаны оқымайтындарға респект айту керексіздер, өйткені сіздерге табыс әкелетін солар!»,
«Жолаушыларға пассивті агрессиясын көрсетпейтін, керісінше, адасып қалғандарға тіркелуге көмектесетін әуе компанияларына респект!»,
Желі қолданушылары клиенттермен мұндай тілдесу әдепсіздік екенін айтып, бұл компанияның оң имидж қалыптастыруына кері әсер ететінін жеткізді.
Сонымен қатар, жолаушылар постта айтылған маңызды ережелер тек «қосымша қызметтер» бөлімінде ғана бар екенін, бұл да клиенттердің наразылығын тудыратынын атап өтті. Аталған жарияланым қоғамда кеңінен талқыланып, компанияның жолаушылармен қарым-қатынасына көңілі толмайтын адамдардың пікірталасына айналды.