Қандас қазақстарды генетикалық тест арқылы анықтауды қолға алмақ
ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі кандастар мәртебесін алу үшін ұлты қазақ екенін анықтаудың жаңа ережелерін әзірледі, оған молекулалық-генетикалық сараптама кіреді, – деп хабарлайды Taspanews «Ашық заңды тұлғалар» порталына сілтеме жасап
Тиісті бұйрық жобасы 12 маусымға дейін талқыланады.
Жаңа ереже «жеке басын куәландыратын құжаттарында, сондай-ақ өтініш берушілердің азаматтығын растайтын басқа да құжаттарда тиісті жазбасы» жоқ адамдардың ұлты қазақ екенін анықтауға арналған.
Бұйрық жобасы жергілікті атқарушы органның арнайы комиссия құруын көздейді. Оның құрамына халықтың көші-қоны, білім беру, мәдениет, ішкі саясат, ұлттық қауіпсіздік және ішкі істер саласындағы басшылықты жүзеге асыратын жергілікті атқарушы органдардың, этникалық қазақтардың мәселелерімен айналысатын үкіметтік емес ұйымдардың және қоғамдық бірлестіктердің өкілдері, қазақ тілі мен Қазақстан тарихы саласының мамандары кіреді.
Комиссия мүшелері қандас мәртебесін алуға үміткермен жеке немесе онлайн сұхбат жүргізеді, қазақ тілін қаншалықты меңгергенін, халықтың салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын, мәдениетін білу және тұлғаны анықтауға мүмкіндік беретін басқа да факторларды анықтайды.
Құжатта комиссия қажет болған жағдайда «қосымша ұсыныс бойынша» қазақ ұлтын анықтау үшін молекулярлық-генетикалық сараптама тағайындай алатыны нақтыланған.
«Молекулярлық-генетикалық сараптама адамның жеке басын анықтауға және биологиялық қатынасты орнатуға қатысты дәлелдемелік ақпаратты анықтау үшін жүргізіледі. Өтініш беруші Қазақстан Республикасының уәкілетті органында аккредиттелген ұйымдарда өз қаражаты есебінен молекулярлық-генетикалық сараптамадан өтеді».
Анықталғандай, «этникалық тест» нәтижелері комиссияға беріліп, оның негізінде кандас мәртебесін беру немесе бас тарту туралы шешім қабылданады.
Сондай-ақ, құжат жобасында ұлтының қазақ екенін анықтау туралы өтініш «Migration.enbek.kz" порталы, "Құтты мекен» мобильді қосымшасы, халықты әлеуметтік қорғау және жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі жергілікті атқарушы орган немесе Қазақстан Республикасының шетелдегі мекемесі арқылы берілетіні нақтыланған.