Қасым-Жомарт Тоқаев Ақтау маңындағы ұшақ апаты бойынша кеңес өткізді

Фото: Ақорда
Маңғыстау облысында болған ұшақ апаты бойынша кеңесте Президент Үкіметтік комиссияға зардап шеккен шет ел азаматтарына және қаза тапқан қазақстандықтардың туған-туыстарына көмек көрсетуді тапсырды, – деп хабарлайды Taspanews.kz Ақорданың ресми ақпараттық арнасына сілтеме жасап.
Президенттің тапсырмасы бойынша Бас прокуратура мен Үкімет жауапты органдармен бірігіп, тергеу жүргізеді. Одан, бөлек, авиация саласындағы хал-ахуал тексеріледі.
Кеңеске Премьер-министрдің орынбасары, Бас прокурор, Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасы, Ішкі істер министрі мен Денсаулық сақтау министрлері қатысып, баяндама оқыды.
Президент қаза тапқандардың туыстарына көңіл айтып, құтқару шараларының үйлесімді болғанын мәлімдеді.
«Құтқару жұмыстары жоғары деңгейде жүргізілді. Халқымыз жанашырлық, ұйымшылдық және шынайы тілеулестік қасиетін көрсетті. Жұрт кезекке тұрып, қан тапсырды. Әзербайжан елшілігі ғимаратына гүл шоқтарын қойды. Бұл туралы еліміздің және шетелдің бұқаралық ақпарат құралдары жан-жақты мәлімет таратты. Құтқарушылардың, дәрігерлердің және волонтерлердің адал қызметіне күллі әлем куә болды»