Қасым-Жомарт Тоқаевтың Моңғолияға мемлекеттік сапары аясында келіссөздер жүргізілді

Фото: Aqorda

Бүгін 29 қазанда ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Моңғолияға мемлекеттік сапар аясында барды. Моңғолия басшысы Ухнаагийн Хурэлсухпен кездесуде сауда-экономикалық мәселелер талқыланды, – деп хабарлайды Taspanews.kz Aqorda сілтеме жасап.


Екі ел делегациясының қатысуымен кеңейтілген келіссөздер жүрді. Көлік-логистика, ауыл шаруашылығы, ғарышты зерттеу салаларын екі жақты дамытуға бағытталған жобалар қарастырылды.


Кездесу соңында Стратегиялық серіктестік орнату туралы бірлескен декларация келісілді. Келесі құжаттарға қол қойылды:


1.   Екі ел үкіметі арасындағы зейнетақы саласындағы ынтымақтастық;


2.   2025-2027 аралығындағы өзара сауда-экономикалық жағдайды жақсарту;


3.   Авияциялық тәсілмен іздестіру мен адам құтқару жөніндегі бірлік;


4.   Лауазымды ведомстволардың тарапымен автокөлік жолдарын дамыту туралы меморандум;


5.   Екі ел СІМ арасындағы ынтымақтастық жоспары;


6.   Мәдениет, туризм, ауыл шаруашылығығ азық-түлік, жеңіл өнеркәсіп ара-қатынасы;


7.   Ветеринарлық қызмет пен карантин саласындағы өзара түсіністік туралы меморандум;


8.   Цифрлық дамуда ынтымақтастық жайлы;


9.   Атом энергетикасы саласындағы ынтымақтастық туралы құжаттар.


Қазақстан өз тарапынан моңғол студенттері үшін квота санын ұлғайтуға ұсыныс жасады.


Өзге де қол қойылған келісім құжаттар қатарына Іскерлік кеңестің алғашқы отырысы барысындағы талқылау нәтижелері жатады.


"Бұл ретте Мемлекет басшысы кеше Ұлан-Батырда өткен Іскерлік кеңестің алғашқы отырысында кәсіпкерлер ауқымды коммерциялық келісімшарттарға және өзге де құжаттарға қол қойғанына назар аударды. Екі ел үкіметтеріне бірлескен кәсіпорындарға қолайлы жағдай жасау жөнінде тапсырма берілген. Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев аймақаралық алыс-берістің әлеуетін ұтымды пайдаланған жөн деп санайды",  – делінген Ақорда келтірген ақпаратта.