Қаза тапқан қызметкердің отбасы жұмыс берушіден 3 млн теңге өтемақы алды
Жамбыл облысы, Қордай ауданында жұмыс берушінің еңбек шартының орнына қызмет көрсетуге шарт жасасу арқылы қол астындағылардың өмірі мен денсаулығы үшін жауапкершіліктен құтылу әрекеті анықталды, – деп хабарлайды Taspanews.kz облыстық прокуратураның ақпаратына сілтеме жасап.
Бұл іс-әрекеті арқылы жеке кәсіпкер жұмыс орнында қайтыс болған қызметкердің отбасына өтемақы төлеуден жалтаруға мүмкіндік туды. Алайда, Қордай ауданының прокуратурасы тараптар арасындағы еңбек қатынастары фактісін анықтап, қаза тапқан адамның отбасына 3 млн теңге төлеуге міндеттеді.
Биыл Жамбыл облысының прокурорлары 14 651 адамның еңбек құқығын қорғады. Атап айтқанда, 1040 қызметкер жалпы сомасы 281 млн теңгеге сай жалақы бойынша кешіктірілген төлемдерін алды.
Қазақстан Республикасының Еңбек кодексі жұмысшылар мен жұмыс берушілер арасында еңбек шарттарын міндетті түрде жасасуды талап етеді, бұл қызметкердің конституциялық құқықтарын қорғауды қамтамасыз етеді.