Қазақстан банктері карта шығару тәртібін қатайтуы мүмкін

ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі ұсынған жаңа ережелер бойынша жақында Қазақстанда банк картасын ашу немесе қайта шығару қиындай түсуі мүмкін. Алаяқтықтың алдын алу үшін бақылау күшейтілмек, – деп хабарлайды Taspanews.kz.
Құжат жария талқылауда.
"Енді картаны қашықтан немесе өкіл арқылы ресімдеу мүмкін болмайды. Жеке басыңызды растау үшін биометрика арқылы екі факторлы идентификация енгізіледі. Сонымен қатар, әрбір клиентке бір ғана карта беруге рұқсат етіледі. Ал шет ел азаматтары Қазақстанда заңды түрде жүргендерін дәлелдеуге тиіс болады",
Сондай-ақ банктер алғашқы үш айда жаңа карталар бойынша барлық транзакцияларды бақылайтын болады. Егер транзакциялар күдікті болып көрінсе, карта бұғатталуы мүмкін. Сонымен қатар, несие ұйымдары алаяқтарды анықтау үшін ҚР Ұлттық банкінің алаяқтыққа қарсы орталығымен тығыз жұмыс істей бастайды.
Әзірге бұл ережелер тек жоба түрінде ұсынылды. Жария талқылау 14 сәуірге дейін жалғасады.
Айта кетсек, банк карталарын беру ережелерін қатайту әлем бойынша қаржылық алаяқтықпен күресудің бірден-бір тәсілі болып есептеледі.
Дропперлермен және көлеңкелі схемалармен күресу
Соңғы жылдары басқа елдердегі сияқты Қазақстанда да банк карталарына қатысты алаяқтық түрлері көбейді. Дропперлер (карталарды өздеріне ресімдеп, содан кейін оларды үшінші тұлғаларға беретін адамдар) ақшаны қолма-қол түрде шығару үшін, қаражатты жылыстату және киберқылмыста қолданылады. Транзакцияларды бақылауды күшейту және картаны қашықтан шығаруға тыйым салу мұндай операцияларды тоқтатуға көмектеседі.
Өзге елдер тәжірибесі
Мәселен, Ресейде шетелдіктердің елде болуы заңсыз болса, карточкалар берілмейді.
Еуропалық Одақ тұтынушыларды идентификациялау (KUS - Know Your Customer) және ақшаны жылыстатумен күресу (AML - Anti Money Laundering) бойынша қатаң шаралар енгізді.
Қытайдағы банктерде шот ашу үшін шетелдіктерден қатаң тексеруден өту және қаржылық қызметтерді пайдаланудың себебін көрсету талап етіледі.
Ұлттық банк пен алаяқтыққа қарсы орталықтың рөлі
Қазақстан Республикасы Ұлттық банкі күдікті транзакцияларды сараптайтын және көлеңкелі операцияларға арналған карталардың жаппай шығарылуына жол бермейтін алаяқтыққа қарсы орталық құрумен көптен бері жұмыс істеп келеді.
Бұл қарапайым азаматтарға қалай әсер етеді?
Бір жағынан жаңа шаралар алаяқтарды алдын алса, екінші жағынан қарапайым қолданушыларға қолайсыздық тудыруы мүмкін. Мәселен, егер кез-келген адам картасын жоғалтып алса, оны қашықтан қайта шығару мүмкін болмайды. Банкке баруы керек болады.