Қазақстан энергетика саласындағы ынтымақтастыққа ашық

Фото: ҚР Энергетика министрлігі

Қазақстан Санкт-Петербургте өтіп жатқан халықаралық экономикалық форумда энергетика саласында ынтымақтастыққа шақырады, – деп хабарлайды Taspanews.kz ҚР Энергетика министрлігіне сілтеме жасап


Қазақстан Республикасының Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев Санкт-Петербургте өткен XXVII халықаралық экономикалық форум аясында өткен ТМД Электр энергетикалық кеңесінің 64-ші отырысына қатысты.


Кеңесте сөйлеген сөзінде министр Қазақстанның энергетика саласының алдында қазіргі энергетикалық нысандарды жаңғырту және жаңадан салуда елеулі міндеттер тұрғанын атап өтті. Шығарындыларды азайту технологияларына, смарт желілер мен энергия сақтау жүйелерін енгізуге ерекше назар аударылады.


Алмасадам Сәтқалиев Қазақстан Республикасы көршілес мемлекеттердің энергетикалық жүйелерімен үйлесімді дамуға ұмтылатынын атап өтті. Қазақстанның біртұтас электр энергетикасы жүйесі Ресейдің энергетикалық жүйелерімен және Қырғызстанның, Тәжікстанның және Өзбекстанның энергетикалық жүйелерін қамтитын Орталық Азияның Бірыңғай энергетикалық жүйесімен синхрондауда жұмыс істейді.


Бірыңғай сатып алушы механизмін іске қосу Ресейден электр энергиясын жоспарлы жеткізуді қамтамасыз етуге мүмкіндік берді, бұл Қазақстандағы электр станцияларын ауқымды жөндеу науқанына ықпал етті.


Жүйелердің қазіргі жұмыс режимі Ресейден Қырғызстанға электр энергиясының транзитін қамтамасыз етеді.


Сәтқалиев Қазақстанда жаңа қуаттарды енгізу және оны жүзеге асыруға көрші елдерді тарту жоспары әзірленіп жатқанын атап өтті. Ресеймен жасалған келісімдер аясында Көкшетау, Өскемен және Семей қалаларында жаңа жылу электр станцияларын салу жоспарлануда. Қырғызстандағы Қамбар-Ата ГЭС-1 құрылысына Қазақстан да қатысады.


«Қазақстан барлық жаңа стратегиялық бастамалар мен өзара тиімді ынтымақтастыққа ашық», – деді Алмасадам Сәтқалиев.


Отырыста ТМД Электр энергетикалық кеңесі мен Атқару комитетінің іс-шаралар жоспарларының жобалары, сондай-ақ ТМД ЭПС Үйлестіру кеңесінің жұмысы бекітілді.


Сонымен қатар, қатысушылар Ресей энергетика министрі Сергей Цивилевтің кандидатурасын ТМД электр энергетикалық кеңесінің президенттігіне мақұлдады.