Қазақстан мен Пәкістан көлік дәліздерін кеңейтуді талқылауда

Фото: Rail-news.kz

Астанада Қазақстанның Көлік министрі Марат Қарабаев пен Пәкістанның Қазақстандағы елшісі Науман Башир Бхатти кездесті, – деп хабарлайды Taspanews.kz Көлік министрлігіне сілтеме жасап. 


Тараптар көлік-логистика саласындағы ынтымақтастықты нығайту, теміржол және автокөлік қатынасын дамыту, сондай-ақ жүк тасымалы көлемін ұлғайту мәселелерін талқылады.


Сауда-экономикалық ынтымақтастық жөніндегі Үкіметаралық комиссияның (ҮАК) кезекті отырысын өткізуге дайындық мәселесі көтерілді.


Қазақстандық тарап іс-шараны екі жаққа да қолайлы мерзімде өткізуді қолдайтынын білдіріп, отырыс күн тәртібін одан әрі талқылауға дайын екенін мәлімдеді.


Кездесу барысында көлік дәліздерін кеңейту мен транзиттік маршруттарды жақсарту ерекше назарға алынды.