Қазақстанда бейбіт митингіде жұмысын атқаратын журналистер үшін дресс-код енгізілді

pixabay.com фото на taspanews.kz от 07 апреля 2025 11:16
Фото: pixabay.com

2025 жылдың 15 сәуірінен бастап Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігі бейбіт митингіде жұмысын атқарып жүрген журналистер үшін жаңа ережелер бекітті, – деп хабарлайды Taspanews.kz.


Тиісті бұйрыққа министрлік басшысы қол қойды.


"Енді митингілерде жұмыс істейтін журналистер көпшілік арасында оңай байқалу үшін ашық көк түсті арнайы кеудеше, қолға байланатын арнайы маталар немесе "PRESS" деген жазуы бар жапсырмалар тағуға міндеттеледі. Бұл БАҚ қауіпсіздігіне кепілдік беруге және түсініспеушілікті болдырмауға бағытталған", – делінген құжатта.

Сондай-ақ журналистерге жол қозғалысына немесе митингіге қатыспайтын адамдарға кедергі келтіруге тыйым салынады. Олар ұйымдастырушылар мен мемлекеттік қызметкерлердің әрекетіне араласа алмайды.


Маңызды ережелердің бірі – журналистер тыныш жұмыс істеп, сұхбат жүргізіп, материалдар жинай алатын жедел баспасөз орталықтары құрылмақ.


"Баспасөз орталығында журналистердің ыңғайлы жұмыс істеуіне және қауіпсіздігіне жағдай жасалады. Олардың өміріне немесе денсаулығына қауіп төнген жағдайда полиция дереу араласуға міндеттеледі. Сондай-ақ жергілікті билік өкілдері журналистермен бірге жүруге және митингілерді ұйымдастырушылардан немесе қатысушылардан сұхбат алуға көмектесуге міндетті",  – делінген бұйрықта.

Сонымен қатар, журналистердің кеудешелері жақсырақ көріну үшін киім үстіне шағылысатын жолақтар жасалады, ал қолға тағатын мата ашық сары түсті болады.


Следите за новостями Taspanews