Қазақстанда куәліктерді Kaspi постаматтары арқылы алуға болатын пилоттық жоба іске қосылады

2025 жылы Қазақстан азаматтарына туу туралы куәліктерді Халыққа қызмет көрсету орталықтарына жүгінбей-ақ алуына мүмкіндік беретін пилоттық жоба іске қосылады, – деп хабарлайды Taspanews.kz ҚР Үкіметінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Қазақстандықтар енді құжаттарды «Kaspi Bank» АҚ постаматтары арқылы ала алады.
«Бұл бастама мемлекеттік қызметтерге қолжетімділікті жеңілдетуге бағытталған. Жоба Қазақстандағы мемлекеттік қызметтерді цифрландыру жөніндегі кең ауқымды бағдарламаның бір бөлігі болып табылады. Бағдарлама аясында электрондық апостильді қолдануды дамыту жоспарланды. Осылайша, азаматтар туу және қайтыс болу, неке қию және бұзу туралы куәліктерді, анықтамаларды және басқа да құжаттарды АХАТ бөліміне бармай-ақ ала алады. Бір өтініш шеңберінде апостиль қоюға мүмкіндік болады»,
Қызмет 2025 жылдың төртінші тоқсанында қолжетімді болады деп жоспарланған.
Одан бөлек, Қазақстанның Әділет министрлігі нотариаттық қызметке қатысты пилоттық жобаның басталатынын айтты. Жоба борышкерлерге «Бірыңғай нотариаттық ақпараттық жүйеде» қарсылық білдіруге, жеке кабинеттер арқылы процесті қадағалауға мүмкіндік береді. Нотариус, өз кезегінде, борышкердің – жеке немесе заңды тұлғаның тіркелген жері бойынша ғана атқарушылық жазба жасау мүмкіндігіне ие болады.