Қазақстанда Марбург вирусын алдын алу бойынша шаралар жүргізілуде

Фото: iStock

ҚР Денсаулық сақтау министрлігі ДДҰ-ның Шығыс Африкада Марбург вирусының өршуі туралы ескертуінен кейін эпидемиологиялық жағдайды бақылауды қолға алды.


Елдің халықаралық әуежайларында вирустың мемлекет аумағына әкелінуіне және таралуына жол бермеу үшін келушілердің барлығында температураны өлшейтін санитарлық-карантиндік тексерулер жүзеге асырылды, – деп хабарлайды Taspanews.kz Денсаулық сақтау министрлігі сайтқа сілтеме жасап.


ҚР бас санитарлық дәрігері Сархат Бейсенова жағдай мұқият қадағалауда екенін атап өтті. Ведомство саяхатшыларға науқастармен байланыспауға, жабайы жануарлардан сақтануға және жануарлардың нашар пісірілген етін жемеуге , сондай-ақ вирустарды симптомсыз тасымалдайтын мысырлық жарқанаттар тұратын үңгірлер мен шахталарға барудан аулақ болуға кеңес береді.


Марбург вирусы – оңтүстік, батыс және Орталық Африкада анықталған сирек және ауыр вирустық геморрагиялық қызба. Клиникалық белгілер адам жұқтырғаннан кейін 2-21 күннен кейін пайда болады. Олар қызба, көмей мен іштің ауыруы, бөртпе және қан кетуді қамтиды.


Вирустың таралуының негізгі әдісі – қан, сілекей және басқа да ауруды жұқтырған адамдардың денесінен шығатын сұйықтықтарына тап болу. ДДҰ Марбург вирусының жаһандық таралу қаупін төмен деп бағалайды, алайда эндемиялық аймақтарда сақтық шараларын қатаң сақтау бойынша ұсыныстар береді.


Осы уақытқа дейін Руандада 36 жағдай тіркелді, оның 11-і өлімге әкелген. Негізінен, жұқтырған адамдар – медицина қызметкерлері. Денсаулық сақтау министрлігі аурудың алғашқы белгілері пайда болған кезде дереу медициналық көмекке жүгініп, жеке гигиена ережелерін сақтау керектігі туралы кеңес береді.