Қазақстанда Мемлекеттік рәміздер күні тойланады

Фото: Акорда

4 маусым – Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздері күні, деп хабарлайды Taspanews ҚР Адам құқықтары жөніндегі уәкіл Артур Ластаевтың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.


1992 жылы осы күні Тәуелсіз Қазақстанның жаңа мемлекеттік рәміздері бекітілді. Бұл сәт еліміз үшін жаңа жетістіктер жолындағы елеулі кезең болды.


Ту, Елтаңба және Әнұран ұлттың бірегейлігін, егемендігі мен бірлігін бейнелейді, азаматтардың бойында ұлттық бірегейлік пен патриотизмді нығайтуда маңызды рөл атқарады.


«Бұл рәміздердің барлығы барша қазақстандықтардың шынайы мұрасы екенін ұмытпауымыз керек, сондықтан оларды қастерлеу, қорғау және құрметтеу біздің парызымыз. Мемлекеттік рәміздерді құрметтеу – Отанға деген сүйіспеншіліктің көрінісі. Тәуелсіздік алған 32 жылдан астам уақыт ішінде Қазақстанның рәміздері бүкіл әлемге танылды – көптеген спорттық, мәдени және саяси алаңдарда Туымыз мақтанышпен желбіреп, республиканың әнұраны салтанатты түрде шырқалуда. Осындай сәттерде әрқайсымыздың жүрегімізде елімізге деген мақтаныш күшейе түсетіні сөзсіз» деп айтылған хабарламада.

Артур Ластаев Қазақстан халқын мерекемен құттықтады:


«Осы атаулы күні баршаңызға бақ-береке, бейбіт аспан, отбасыларыңызға ынтымақ пен береке, бақыт пен жақсылық тілеймін!» Артур Ластаев