Қазақстанда өндіріс аумағында жарақаттанғандардың саны кемуде

2025 жылдың І тоқсанының қорытындысы бойынша Қазақстанда өнідірістік жарақаттану деңгейі 2024 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 16,8% - ға төмендеген, – деп хабарлайды Taspanews.kz ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне сілтеме жасап.
2025 жылы 293 қызметкер зардап шеккен. Оның 40-ы қаза тапты. Алайда, 2025 жылды І тоқсанының қорытындысына сай, 1000 жұмыс жасаушыға шаққанда жазатайым оқиғалар жиілігінің коэффициенті 0,04 құрады. Бұл жарақаттану деңгейінің өткен жылмен салыстырғанда төмендегенін көрсетті.
Ресми мәліметке сүйенсек, жарақаттанудың жоғары деңгейі өнеркәсіптік аймақтар: Қарағанды облысы – 31, Қостанай облысы – 27, Шығыс Қазақстан облысы – 24, Ақтөбе облысы – 22, Атырау облысы – 22 мен Алматы қаласында – 19 байқалады.
Экономикалық сала бөлінісінде ең көп зардап шеккендер қатарында – тау-кен орны қызметкерлері мен құрылыс саласындағы жұмысшылар.
«Жазатайым оқиғаларға әкеп соққан негізгі себептер: жұмыс өндірісін қанағаттанарлықсыз ұйымдастыру (34,4%); жәбірленушінің өзінің өрескел абайсыздығы (32%); жол жүріс ережелерін бұзу (8,4%); еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау қағидаларын бұзу (7,6%) болды»,
Қазіргі таңда құрылыс объектілерінде бас мердігер тарапымен объектідегі еңбек қауіпсіздігі мәселелері бойынша барлық қосалқы мердігердерді бақылауды көздейтін модельді енгізу бойынша жұмыс жалғасуда. Әзірге бұл 318 кәсіпорында жүзеге асуда.
Одан бөлек, жұмыс берушілерге еңбекті қорғау талаптарының сақталуына өзін-өзі тексеруден өтуге мүмкіндік беретін «Онлайн еңбек кеңесшісі» электрондық сервисі іске қосылды.