Қазақстанда зейнетақы жаңа тәртіппен төленетін болады

Қазақстанда зейнетақы төлемдерін алу ережелері Салық кодексіне сәйкес жаңартылады, – деп хабарлайды Taspanews.kz.
ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі жаңа қаулы жобасын дайындады, оны 2 сәуірге дейін «Ашық НҚА» порталында талқылауға болады.
Негізгі түзетулердің бірі – БЖЗҚ-да жинақтары бар, алайда оны алуға өтініш бермеген зейнеткерлерге төлемдерді автоматты түрде жіберу. Сондай-ақ шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдардың құжаттары заңда көзделмеген себептермен жарамсыз болған жағдайда олардың жинақ ақшасын алу мүмкіндігін шектеу ұсынылады.
Қазақстаннан басқа елге тұруға кеткендерге төлем жасау тәртібін өзгерту жоспарлануда.
«ЕАЭО елдерінің азаматтары (Ресей, Беларусь, Қырғызстан, Армения) белгіленген кестеге сәйкес ай сайын зейнетақы төлемдерін ала алады. Басқа шетелдіктер үшін бір реттік төлем қарастырылған», – делінген құжатта.
Сонымен қатар, жаңартылған ережелер жинақталған зейнетақы қаражатының иесі қайтыс болған жағдайда төлемдерді жүзеге асыру тәртібін нақтылайды. Қайтыс болған азаматтың отбасына 94 еселенген АЕК мөлшерінде қаражат беріледі. Бұл жағдайда төлем жеке зейнетақы шотында қалған сомадан аспайды.