Қазақстанда жанар-жағармай құны өсуі мүмкін

Фото: Pixabay.com

Қазақстанда жанар-жағармай бағасының өсуі мүмкін. Бұл ҚР Энергетика министрлігінің жанар-жағармай бағасын мемлекеттік реттеуден бас тарту жоспарымен байланысты, – деп хабарлайды Taspanews.kz 31 арнаға сілтеме жасап.


Министрлікте Қазақстандағы жанар-жағармай құны әлем бойынша ең төмен көрсеткіштердің біріне ие екені айтылды. Бұл жаңа жол іздеуге басты себеп болды.


«Бағаның өсуіне ықпал ететін факторлардың бірі –көрші елдермен бағаның айтарлықтай алшақтығынан туындаған мұнай өнімдерінің заңсыз экспортының артуы. Энергетика министрлігінің Мұнай тасымалдау және өңдеу департаменті соңғы бір жылда Қазақстанда бензин мен дизель отынының қоры 35-40 пайызға азайғанын хабарлады», – делінген 31 арна ақпаратында.

Сарапшылар соңғы жылдары мемлекет жанармай құнына белсенді түрде субсидия жасағанмен, бұл шара бірте-бірте тиімділігін жоғалтып бара жатқанын баса айтады.


«Бензиннің доллармен есептегендегі құны әлемдік мұнай бағасы мен инфляцияның өсуіне қарамастан соңғы екі онжылдықта өзгеріссіз қалды. Мәселен, 2000-шы жылдардың басында АИ-93 маркалы бензиннің бір литрі шамамен 40 цент (50 теңге) болса, бүгінде оның бағасы сол деңгейде қалды»,  – делінген келтірілген ақпаратта.

Сарапшылар Қазақстанда жанармайдың нарықтық бағасы айтарлықтай жоғары болуы керегіне сенімді. Өндірістен пайда түсу үшін 92-ші бензиннің құны 60 центтен кем болмауы керек, бұл шамамен 320 теңгеге тең. 95-ші бензин үшін бұл көрсеткіш шамамен 350 теңге болуы мүмкін. Дизель отыны мен сұйытылған газ сәйкесінше шамамен 360-380 теңге және 180-200 теңге болу керек.


«Отын бағасының өсуі тауарлар мен қызметтердің құнына сөзсіз әсер етеді, себебі жанармай өндіріс пен тасымалдау процесінің маңызды құрамдас бөлігі. Сондай-ақ, елде автокөліктер санының өсуіне байланысты мұнай өнімдерін қайта өңдеу қажеттілігі артады, бұл да қосымша шығындарға алып келеді», – дейді сарапшылар.

Айта кетсек, бағаны мемлекеттік реттеуді жою жобасы қоғамдық талқылау сатысында, бұл мәселе бойынша түпкілікті шешім әлі қабылданған жоқ.