Қазақстанда жол қозғалысы ережелерін қайталап бұзғандарға жаза қатаңдатылуы мүмкін

chusokrug.ru фото на taspanews.kz от 13 февраля 2025 20:55
Фото: chusokrug.ru

Қазақстан Сенаты жол қозғалысы ережелерін (ЖҚЕ) жүйелі түрде бұзатын жүргізушілерге қатысты жазаны күшейтуді ұсынды, – деп хабарлайды Taspanews.kz.


Сенатор Марат Қожаев қайта-қайта ереже бұзатын жүргізушілерге 50% жеңілдікпен айыппұл төлеу мүмкіндігін алып тастауды ұсынды. Оның айтуынша, қазіргі жазалау жүйесінің осалдығы кейбір жүргізушілердің ережені елемеуіне жол ашты.


Қолданыстағы жүйенің кемшіліктері


Сенатордың айтуынша, қазіргі айыппұл жүйесі тұрақты ереже бұзушылармен күресте тиімді емес. Автоматтандырылған камералар тек құқықбұзушылықтың нақты фактісін тіркейді, ал жүргізушінің осыған дейін қанша рет заң бұзғанын есепке алмайды.


Осылайша, жол ережесін қайта-қайта бұзатындар да әр дайым айыппұлды жеңілдікпен төлеп, қатаң жазаға тартылмайды.


«Қазір бір жүргізушінің қанша рет ереже бұзғанын анықтау мүмкін емес, себебі камералар мұны ескермейді. Тіпті, бірнеше рет ереже бұзғандарға қайтадан жүргізуші куәлігін алу үшін емтихан тапсыру талабы жоқ. Соның салдарынан жолдарда жауапсыз немесе қасақана ереже бұзатын жүргізушілер көбейіп отыр», – деді Қожаев премьер-министрге жолдаған ұсынысында.

Сенатор мәселенің қаншалықты өзекті екенін көрсету үшін нақты мысал келтірді. Оның айтуынша, бір жүргізуші бір жылдың ішінде 143 рет жол ережесін бұзып, 3 миллион теңгеден астам айыппұл төлеген. Бұл жағдай оған сабақ болмаған.


«Көбінесе бұлар – қымбат көлік мінген жастар. Олар айыппұлға берілетін жеңілдікті пайдаланып, жол қозғалысы ережелерін қасақана бұза береді. Қазіргі жүйе олар үшін ешқандай қауіп төндірмейді – керісінше, жолда шектеусіз жүйіткуге жасалған жеңілдік сияқты көрінеді. Бұл – жазалау жүйесін түбегейлі өзгерту керек деген анық белгі», – деп атап өтті ол.

Шетелдік тәжірибе: Қазақстанға қандай өзгерістер қажет?


Сенатор шетелдік тәжірибені мысалға келтіре отырып, Қазақстанда да жіиі ереже бұзушыларға қатысты қатаң шаралар енгізу қажеттігін айтты. Мысалы, Германияда жол қозғалысы ережесін бұзған жүргізушілерге арналған арнайы айыппұл шегі бар. Белгілі бір айыппұл санын жинаған жүргізуші бірден жүргізуші куәлігінен айырылады. Ал Францияда бірнеше рет ереже бұзған жағдайда жүргізуші куәлігінен уақытша айырылу қарастырылған.


«Бізге осындай тиімді жүйелерді енгізу қажет. Жүргізушілер жол қозғалысы ережелерін жай ғана формалды талап ретінде емес, адамдардың өмірін сақтайтын маңызды қағида ретінде қабылдауы тиіс»,   – деді Марат Қожаев.

Сенатордың бұл ұсынысы талқылануда. Егер бастама қолдау тапса, Қазақстанда ережені жиі бұзушыларға қатысты айыппұл жүйесі түбегейлі өзгеріп, әлдеқайда қатал жаза енгізіледі.


Следите за новостями Taspanews