Қазақстандағы сотталған әйелдерге рақымшылық жасау мәселесі көтерілді

ҚР Ішкі істер министрлігі сотталған әйелдерге рақымшылық жасау мүмкіндігі туралы депутаттық сауалға жауап беру кезінде заң алдында барлығы тең екенін айтты, – деп хабарлайды Taspanews.kz ҚР Парламенті Мәжілісі сайтына сілтеме жасап.
Ішкі істер министрлігі «Ешкімді жынысына байланысты кемсітуге болмайды» дей келе, ерлер мен әйелдердің арасында да сотталған мүгедектігі бар азаматтар, толық емес отбасылар мен зейнеткерлер бар екенін түсіндірді. Әйелдерге рақымшылық жасау түрмедегі адам санын азайтып, бюджетті үнемдеп, ҚАЖ мекемелеріндегі жағдайды жақсартуға әкелуі мүмкін. Алайда, бұл көптеген тәуекелдерге жол ашады. Құқық бұзушылықты қайталау мен зардап шеккен жәбірленушілердің наразылығы тууы мүмкін.
Талдау барысында анықталған босатылуы мүмкін әйелдер туралы деректер келтірілді:
«Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 78-бабына сәйкес, Ауырлығы аз және орташа қылмыстары үшін сотталған 1220 әйел (ТМ-157, ПҚ-1064) жазасын өтеуден босатылуы мүмкін.Өз кезегінде ауыр және аса ауыр қылмыстар жасаған 5055 әйелге (ТМ – 2535, ПҚ2520) жаза мерзімін қысқарту мүмкін»,
Рақымшылық жасау кезінде жасалған қылмыс ауырлығымен қатар сотталғандардың әлеуметтік жағдайын ескеру ұсынылады. Мәселен, сотталған әйелдердің 29-ының мүгедектігі бар, 243 әйел 60 жастан асқан, 13 жүкті әйел мен 58 жас баласы бар, 226 көп балалы ана бар.