Қазақстандықтар мүгедектік және асыраушысынан айырылу бойынша әлеуметтік төлемдер мен жәрдемақылар түрінде 346,8 млрд теңге алды

Фото: ҚР ЕХӘҚМ

Қазақстандықтар мүгедектігі және асыраушысынан айырылуы бойынша жәрдемақылар мен әлеуметтік төлем ретінде 346,8 млрд теңгеден астам қаражат алды, – деп хабарлайды Taspanews.kz ҚР ЕХӘҚМ сілтеме жасап.


Жыл басынан бері мүгедектігі бойынша және асыраушысынан айрылу жағдайы бойынша Мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақылар (МЖӘ) беруге мемлекеттік бюджеттен 306,6 млрд теңге бөлінді. Бұдан бөлек, Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан (МӘСҚ) еңбекке қабілеттілігінен айырылған және асыраушысынан айырылғандар үшін әлеуметтік төлемдерге шамамен 40,2 млрд теңге бөлінді.


2024 жылдың 1 шілдесіне қарай 540,1 мыңға жуық адам мүгедектігі бойынша МӘЖ, ал асыраушысынан айрылу жағдайы бойынша жәрдемақылар шамамен 198,5 мың азаматқа тағайындалды.


Мүгедектігі бойынша Мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақылардың мөлшері мүгедектіктің тобына және себебіне, сондай-ақ тиісті қаржы жылына арналған "Республикалық бюджет туралы" заңда белгіленген ең төменгі күнкөріс деңгейінің ауқымына байланысты болады.


Асыраушысынан айрылу жағдайы бойынша жәрдемақылар қайтыс болған асыраушының асырауындағы адамдардың санымен, қайтыс болу себебімен және ең төменгі күнкөріс деңгейімен айқындалады.


Бұдан басқа, міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысушыларға әлеуметтік тәуекелдер туындаған жағдайда МӘСҚ-дан қаражат бөлінеді. Атап айтқанда, 2024 жылғы 1 шілдеге 94,8 мың адам еңбекке қабілеттілігінен айырылу бойынша әлеуметтік төлемдерді, ал 63,4 мың отбасы - асыраушысынан айырылу бойынша төлемдерді алды.


Бұл төлемдердің мөлшері соңғы екі жылдағы МӘСҚ-ға әлеуметтік аударымдар жүргізілген орташа айлық табысқа, еңбек ету қабілетінен айырылу коэффициентіне, асырауындағы адамдардың санына, міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысу өтіліне және табысты ауыстыру коэффициентіне байланысты өзгереді.


Бұл төлемдер мемлекеттік бюджеттен төленетін ұқсас жәрдемақыларға қосымша ретінде жүзеге асырылады.


2024 жылғы 1 қаңтардан бастап мүгедектігі және асыраушысынан айрылу жағдайы бойынша Мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақылардың мөлшері ең төменгі күнкөріс деңгейінің өсуіне байланысты 7%-ға ұлғайтылды. Үкіметтің шешімі бойынша еңбекке қабілеттілігінен айрылу және асыраушысынан айрылу бойынша МӘСҚ-тан төлемдер мөлшері де 7% - ға көтерілді.


Осылайша, ағымдағы жылы жалпы аурудан мүгедектік бойынша МӘТ мөлшері: 1 топ үшін - 95 496 теңге, 2 топ үшін - 76 397 теңге, 3 топ үшін - 52 089 теңге.


2024 жылғы 1 шілдеге қарай еңбекке қабілеттілігінен айырылу бойынша әлеуметтік төлемдердің орташа мөлшері 57 220 теңгені, ал асыраушысынан айырылу бойынша - 59 968 теңгені құрайды.