Қазақстандықтарға 2025 жылы медициналық сақтандыру үшін қанша төлеу керек

pixabay.com фото на taspanews.kz от 24 декабря 2024 13:25
Фото: pixabay.com

Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры (ӘМСҚ) 2025 жылға арналған міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) бойынша төлемдер көлемі туралы маңызды жаңартуларды жариялады, – деп хабарлайды Taspanews.kz.


Қордың баспасөз қызметінің хабарлауынша, Қазақстандағы ең төменгі жалақы өзгеріссіз қалып, 85 мың теңгені құрайды. Бұл ағымдағы жарналардың көбісін былтырғы мөлшерде сақтайды.


«Жұмыс берушілер үшін жарна мөлшерлемесі қызметкерлердің есептелген кірісінің 3% деңгейінде қалады. Жұмысшылар өз кезегінде табысының 2 % төлеуді жалғастырады. Дегенмен, төлеушілердің басқа санаттары үшін кейбір өзгерістер болады. Мәселен, бірыңғай төлем мөлшерлемесі жалақы қорының 21,5 пайызынан 23,8 пайызға дейін өседі. Сондай-ақ зейнеткерлер, көп балалы аналар, балалар және т.б. азаматтардың жеңілдікті санаттары үшін де мемлекеттік жарналар өседі. Енді бұл мөлшерлеме орташа айлық жалақының бұрынғы 1,9 пайызының орнына 2 пайызды құрайтын болады»,  – деп түсіндірді ӘМСҚ.

2023 жылы Қазақстанда орташа айлық жалақы 364 295 теңгені құрады, бұл көрсеткіш мемлекеттік жарналарды есептеу үшін қолданылады.


«Азаматтық-құқықтық келісім-шарттар бойынша жұмыс істейтін жеке тұлғалар үшін жарна мөлшерлемесі табыстың 2% деңгейінде сақталады. Жеке кәсіпкерлер мен жеке практикамен айналысатындар 5 950 теңгені құрайтын тұрақты соманы төлеуге міндетті болады. Тәуелсіз төлеушілер 4250 теңге аударады, бұл ең төменгі жалақының 5 пайызына тең»,  – деп хабарланады қордың мәлімдемесінде.

Жарналарды төлеу екінші деңгейлі банктердің кассалары, банктердің мобильді қосымшалары, төлем терминалдары және «Қазпошта» АҚ филиалдары арқылы қолжетімді болады.


ӘМСҚ жүйесіндегі статусы туралы ақпаратты тексеру үшін қазақстандықтар бірнеше әдісті пайдалана алады: ӘМСҚ ресми сайты, Telegram боты, Qoldau 24/7 мобильді қосымшасы, сондай-ақ кейбір банктердің қосымшалары арқылы. Жарналардың жай-күйі мен деректері eGov.kz электронды үкімет порталында «Медициналық қызметтерді тұтынушы ретінде қатысу туралы ақпарат беру» қызметі арқылы да қолжетімді.


Следите за новостями Taspanews