Кентау қаласы экологиялық  апатты аймаққа кіреді

Фото: Gov.kz

Кентау қаласын экологиялық апатты аймаққа қосу мәселесі күн тәртібіне қайта оралды, –  деп хабарлайды Taspanews.kz.


Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифинг барысында Кентау қаласының экологиялық апат аймағына кіруі туралы сөз қозғады.


Қаланы экологиялық қауіпті  аймақтар тізіміне енгізу туралы тақырып 2000 жылдардың басынан бері көтеріліп келеді.


Шардара, Арыс және Сауран сияқты бірнеше көршілес аудандар бұрыннан экологиялық дағдарыс алды аймақ ретінде танылған, алайда Кентаудағы жағдай біршама өзгеше болды – қала аумағының бір бөлігі бұл тізімнен тыс қалды.


"Сауран ауданы Кентаумен тікелей шектеседі және оның бір бөлігі қала аумағында орналасқан. Сондықтан, облыс тұрғындары Кентауды экологиялық апат аймағының бір бөлігі деп тану туралы мәселені көтерді. Денсаулық сақтау министрлігі мен Экология министрлігінің соңғы зерттеулері мұндағы экологиялық жағдай қала тұрғындарының денсаулығына кері әсер ететіндігін көрсетті. Сондықтан Кентауды апатты аймақтар тізіміне қосу туралы шешім қабылданды", – деп түсіндірді Дархан Сатыбалды.

Кентаудың экологиялық апат аймағына қосылуы тұрғындардың жалақысына  қосымша 20 пайыздық үстемеақы алуға мүмкіндік береді. Алайда шешімді іске асыру үшін шамамен 6 миллиард теңге қажет. 


"Шешім қабылданды, енді қаржыландыру көзін табу маңызды. Біз бұл мәселеде белсенді жұмыс істеудеміз", - деді облыс әкімі.