Қуандық Бишімбаев түрмеде артықшылықтар алуға тырысуда
Салтанат Нүкенованы өлтіргені үшін сотталған ҚР бұрынғы экономика министрі Қуандық Бишімбаев Степногорск колониясында жаза өтеу кезінде көтермелеу беруден бас тарту туралы шешімді сот арқылы даулап жатыр, — деп хабарлайды Taspanews.kz ҚР ІІМ Қылмыстық-атқару жүйесі комитетіне сілтеме жасап.
Хабарланғандай, сотталған Бишімбаев өзінің түрмедегі тәртібіне қарамастан, мекеме әкімшілігі оған ешқандай бонус бермегеніне шағымданған.
«Бишімбаевтың колонияда бір рет тәртіп бұзғаны тіркелген, бұл оған көтермелеу беруден бас тартуға негіз болды. Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, ішкі тәртіп ережелерін бұзған сотталғандарға қосымша артықшылықтар немесе көтермелеулер берілмейді. Нәтижесінде сот Бишімбаевтың талап арызын қанағаттандырудан бас тартты», – деп түсіндірді Қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің баспасөз қызметі.
Еске салсақ, 2024 жылдың мамыр айында сот Қуандық Бишімбаевты Салтанат Нүкенованы азаптап өлтіргені үшін 24 жылға бас бостандығынан айыру туралы үкім шығарған. Оның туысы Бақытжан Байжанов қылмысты жасырғаны үшін кінәлі деп танылып, 4 жылға сотталған. Олардың үкімді қайта қарату әрекеті сәтсіз аяқталған. Бұған дейін кейбір БАҚ Бишімбаевтың колониядан қашуы мүмкін екенін хабарлаған, бірақ бұл ақпарат жалған болып шықты – сотталған ол Степногорск қаласындағы колонияда жазасын өтеуде.