«Майқайың алтын» кен орнының қызметкері жүк тиегіштің қағып кетуінен қаза тапты
Павлодар облысындағы «Майқайың алтын» АҚ өндіріс орнында қайғылы оқиға болды: кәсіпорынның 32 жастағы қызметкерін жүк тиегіш қағып кетіп, қаза етті, – деп хабарлайды Taspanews.kz Irbistv.kz сілтеме жасап.
Облыстық мемлекеттік еңбек инспекциясы жөніндегі департаменттің алдын ала мәліметіне сай, қайғылы оқиға ауыр техника қолданылатын жерде болған.
«Кәсіпорын аумағында орналасқан жүк тиегіштердің бірі ер адамды басып өткен. Ол алған жарақаттарынан сол жерде көз жұмды. Қазір еңбек инспекциясының мамандары кәсіпорынның еңбек қауіпсіздігі стандарттары мен жабдықтарды пайдалану ережелерінің сақталу-сақталмағанын анықтауда»
Полицейлер адам өліміне әкеп соқтырған қауіпсіздікке қойылатын талаптарды бұзу бабы бойынша қылмыстық іс қозғады. Көлік жүргізушісі анықталып, түсініктеме беру үшін полиция бөліміне жеткізілді. Тергеу аясында жабдықтың техникалық жағдайын бағалау және қызметкерлердің іс-әрекетін талдауды қамтитын бірқатар сараптамалар жүргізіледі.
«Майқайың алтын» АҚ осыған дейін апаттарға байланысты ел назарында болған. 2024 жылдың 4 қаңтарында кеніш аумағында жолаушылары бар автобус ойыққа құлап кеткен. Ұзақ іздестіру жұмыстарының нәтижесінде жоғалғандардың бірінің денесі табылды. Сондай-ақ жұмыс барысында құтқарушылар автобусты тапты.