Мәжіліс депутаты Нұртай Сабильянов: "Бірыңғай уақыт белдеуі халықпен кеңінен талқыланбады"

Фото: Жасанды интеллект

Мәжіліс депутаты, бір мандаттық сайлау округтері бойынша кандидаттардың ұсынылуымен таңдалған депутат, Экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің төрағасы Нұртай Салихұлы Сабильянов Taspanews.kz тілшісімен әңгімелесу барысында неліктен бірнеше әріптестерімен бірге Қазақстандағы бұрынғы уақыт белдеуін қайтаруды жақтағанын түсіндірді.


"Ұйқының бұзылуы"


Жақында Қазақстанда Amanat партиясының депутаттары – Нұртай Сабильянов, Ұлықбек Тұмашинов, Мақсат Толықпаев, Самат Нұртаза мен Гүлдара Нұрымова әлеуметтік желілерде бейнеролик орналастырып, бұрынғы уақыт белдеулерін қайтаруға шақырды. Үкімет бұл бастаманы қарастыруға уәде берді.


"Мен Абай облысында халықпен кездесулер өткізген кезде тұрғындар бұрынғы уақыт белдеуіне оралу мәселесін жиі көтеретін. Олар қазіргі уақыт белдеуі ыңғайсыз екенін, денсаулыққа кері әсер ететінін айтты. Адамдар ұйқысының бұзылғанына, күндіз тез шаршайтынына шағымданған, себебі оларда түнгі сағат үште күн шығып кетеді. Ал қыста түстен кейін сағат төрттерде қараңғы түседі", - деді Нұртай Сабильянов.

Оның айтуынша, өткен аптадағы фракция отырысында бұл мәселені талқылағаннан кейін мәжіліс депутаттары "жақын арада пленарлық отырыстардың бірінде бұл сұрақ алға тартылады деген қорытындыға келді".


"Үкіметте бірыңғай уақыт белдеуіне көшу мәселесін қарау кезінде депутаттар комиссия отырыстарына қатыспады. Парламентте де біз бұл мәселені талқылаған жоқпыз. Үкіметтің қаулысы да біздің қатысуымызбен қабылданбады. Тағы бір нюанс бар: бұл мәселені талқылау барлық аймақтарда жүргізілген жоқ. Тек кейбірінде. Біз қазір ақпаратқа сұрау жібердік. Жақында жауабын аламыз, зерттеп, осы сұрақты қарастырамыз", - деп атап өтті ол.

Депутат жазда петицияны талқылаған кезде парламент мүшелері аймақтар аумағында болғандықтан, бастаманы қарауға қатыспағанын айтты.


"1 қаңтардан бастап біз Астанаға бармадық. Біз өңірлерде кездесулер өткіздік, содан кейін еңбек демалысында болдық. Абай облысында болдым. 20 күн ішінде 6 аудан араладым. Біз комиссияның қашан болғанын да білмей қалдық. Содан кейін біз еңбек демалысынан тек 2 қыркүйекте жұмысқа шықтық. Екі айдың ішінде біз болған жоқпыз. Сондықтан, осындай жағдай қалыптасқан шығар", - деп түсіндірді ол.

Ол қазір халық бұрынғы уақыт белдеуін қайтаруды талап еткендіктен Мәжіліс депутаттары "мұны Үкіметке жеткізуі керек"  және "бұл мәселені шешуге жәрдемдесуі керек", себебі бұл олардың міндеті деп санайды.


Адамдардың қарсылығы


Нұртай Сабильянов кейбір әріптестері шағымданбағанын айтты, себебі кей аймақтарда бұл келеңсіздік туғызбаған.


"Ал ШҚО, Абай және Жетісу облыстарында, елдің солтүстігінде және оның орталық бөлігінде мүлдем қарама-қайшы көзқарас. Мен бір мандаттық аумақтық сайлау округі, Абай облысы бойынша сайландым. Менің аймағымдағы адамдар қазіргі уақыт белдеуіне үзілді-кесілді қарсы", - деп атап өтті депутат.

Ол қазір оның комитеті құжаттарды дайындап жатқанын айтты. Содан кейін "мүмкін" Үкіметке елдегі уақыт мәселесін қайта қарау туралы ұсыныс жіберетінін айтты.


"Бұл мәселе халықпен кеңінен талқыланған жоқ. Ең бастысы сол. Халықтың пікірін ескеру қажет болды, алайда бұлай болмады. Бұл мәселенің Парламентте талқылаусыз, депутаттарды хабарламай қабылданғаны да бар", - деп түйіндеді ол

Бұған дейін Taspanews.kz редакциясына Мәжіліс депутаты Ринат Зайытов неліктен әртүрлі уақыт белдеулеріне оралуды жақтағанын айтқан.