"Мен Бишімбаев емеспін": Қазақстандық блогер балаларын видеода қалжындап ұрып-соққаны үшін сыналды
Қазақстандық блогер Диас Нұржанұлы сын үстінде қалды. Ол әлеуметтік желідегі көрсетілімдерге ие болу мақсатында балаларына айқайлағандай, ұрып-соққандай сыңай танытқан. Көпшілік оны балалардың психикасына қарсы әсер туғызып жатқанын және осындай тұрпайы іс-әрекетті үгіттеп жатқанын білдірді. Блогер өзін ақтаймын деп, бірнеше түсініктеме видеолар жариялады, бірақ олардан нәтиже болмады. Көбісі әлі де оның көқарасын түсінуге асық емес. Taspanews.kz мұндай контенттің қаншалықты орынды екенін және балалардың нәзік психикасы мұндай қойылымдардан зардап шекпей ме деген сұрақтарға жауап іздей, мамандарға жүгінді.
Бұл не деген жабайылық?
Диас Нұржанұлы өзінің ұлдары мен жұбайы түскен қойылымдық видеороликтерді жариялай, әлеуметтік желі қолданушыларының назарын өзіне аударды. Оқиға орны әртүрлі болса да, сюжет бір. Әкесі балаларына ашулы күйде айқай салып, ұрады немесе тебеді. Бұдан келе балалары құлағандай болып, төсектің артына немесе басқа да бөлмедегі бұрышқа тығылады. Анасы балаларына қауіп төнгенін сезе, жүгіріп келеді. Сонда блогер әйеліне жасырын жерде тұрған гүл шоғын береді.
Қазіргі таңда блогердің 750 мыңнан астам оқырманы бар. Диастың видеосы 100 мыңға жуық лайк жинайды.
Алайда, мұндай қалжынға ұқсаған видеолар сұрақ тудырмай қоймады. Мұны түсінбегендер мен сынға алғандардың бірі – құқық қорғаушылар мен адвокаттар. Соның бірі – Жанна Уразбахова.
"Біз зорлық-зомбылықты қалжын аясына қосатын болғанбыз ба? ... Бұл ересек адам үшін күлкілі ме? ... Күлкілі? Бұл не деген жабайылық? Әйеліңе гүл сыйлау үшін балаңды ұрған? Комментарийде оны бәрі жақтап тұр ма? ",
Блогер өз кезегінде контентін түсіндіруге көшті. Ол бірнеше видео-хабарлама жазып, өз сторисінде жариялады.
"Азанмен настроениемді бұзды. Историясына салыпты енді. Якобы мен баламды ұрады екем, насилие жасайды екем, әйелімді қуанту үшін. Баламды теуіп, ұрады екем. Қазір маған ауырлау тиіп жатыр, өйткені мен баламды ұрған адам емеспін да. Осынша жала жауып, оны еще историясына салып, қаншама қазір жаман коммент келіп жатыр. Оның барлығы настроениені бұзады",
Диас Нұржанұлы өз даулы бейнероликтерінің бірін қайта көрсетті. Онда іс-әрекеттің баяу түрі бейнеленген. Мұнда ол баланы шын мәнінде ұрмағанын көрсетті. Блогердің айтуынша, баланың өзі осылай анасына қалжын ұйымдастыруды ұсынған.
"Олар хайп қуалап, білмим соны хайп жинағысы келіп. Білем мен. Точно ма деп қарауға болады ғой негізі замедленныймен басқа варианттар көп қой. Хайп қуалап жатқанына мен просто келіп, именно менен ұстап жатқанын айтам да. Соған сәл чуть-чуть обидно болып жатыр. Бірақ Алла өзі көруші ғой, бірақ, білмим еще біреуі де қазақша жазбайды, бәрі орыстілді.",
Ол баласының бірін шақырып, оны ұрды ма жоқ па деп сұрақ қойды. Баласы ұрмағанын айтып, растады. Бетінің үстіне қолын қойып тұрған. Соны ғана ұрған, алайда ол қолы ауырмаған.
Кейіннен блогер көлік ішінен де видео түсіріп, көңіл-күйі түскенін айтты.
"Просто сол нәрсе жасамаған адамға келгенде обидно болды. Басында қатты қабылдададым да, кейін жұрт не демейді. Не айтып, не қоймайды. Аллаға шүкір, бәрі керемет. Ондай нәрсеге мұңаймаймыз. Қатты көңілге алмаймыз. Мен сіздерге айтайын. Мен сіздерге Бишімбаев емеспін. Мен сіздерге хайп қуалайтын парақша емеспін. Жалпы Қазақстанда болып жатқан нәрселер жетіп жатыр действительно сондай нәрселдер болып жатқандар бар. Бірақ, мен сіздерге айтайын. Менің парақшам емес. Менен ары жүріңіздер",
Полиция тексерді ме?
Taspanews корреспондентімен әңгімелесуде заңгер Айман Айсина блогердің видеосы көпшілік назарын аударып, сұрақтар туғызғанын негізге алып, полиция өкілдері құқық бұзу фактісі орын алды ма, жоқ па тексеруге құқығы бар екенін айтты. Бұл видео зорлық-зомбылықты насихаттады ма деген сұрақ туындайды.
Психолог Назира Бурханова мұндай видеоларды ойлап табу мен жүзеге асыруды "дұрыс емес" деп тапты. Ол видеода зорлық-зомбылықты қалжын тектес іс-әрекетке айналдырғанын айтады.
"Біздің қоғамда барлық келеңсіздіктер комедия арқылы жеткізіледі, алайда бұл жай ғана проблеманы "қалжын" қылу. Адамдар осындай жайттарға күле қарап жүргенде, шынымен басынан өткергенде не істемек? Ол кезде күлмес еді, қиналатын еді. Бұл "құнсыздандыру". Адамдар осыған ұқсас контент жариялағанда мұқият болуы қажет. Жұрт күле салады, ал бес минуттан кейін проблема нормаға айнала кетеді. Берілген жағдайда проблеманы дұрыс мағынада көрсетпеген. Бұлай болмайды ғой",
Ол Тиктоктағы аккаунтын осындай проблемалар құнсыздандырылғаны үшін қолдануды қойған. "Қазіргі таңда көп блогерлер хайп пен оқырмандар үшін осылай бейберекет әрекет жасай береді" деді ол.
"Осындай контентті парақшасына салатын адамдар әрекеттерінің салдары туралы ойланбайды. Оларда тек бір мақсат – галочка алу, оқырман жинау. Ол өздерінің таңдауы, мұнысы үшін сынап-мінемеймін, бірақ жауапкершілік сезіну керек. Бұл қоғамға зиянын тигізе ме, пайда әкеле ме деп ойлану қажет",
Зорлық-зомбылықты үгіттеу ме?
Өз кезегінде Гүлнара Дощанова "әр қалжыңда агрессияның белгілі бір деңгейі болатынын" айтты.
"Ата-ана тарапынан балаға агрессия көрсетілмеуі керек. Қалжын күйінде болса да. Балаларды бұлай мазалауға болмайды. Ата-аналар, әлбетте балаларымен қалжыңдаса алады. Алайда, олар бір нәрсені ескеру керек. Ол балада стресс, мазасыздану тудыруы мүмкін. Бала өзін ақымақ сезініп қалуы ықтимал. Мұндай қалжыңдар орынсыз",
Ол балалар кейін де өз құрдастарымен осылай орынсыз қалжыңдасу мүмкін екенін және бұл адами болашақта қарым-қатынас сапасына да кері әсерін тигізуі мүмкін екенін айтты.
"Біздің балалар – үлкен сезімдерді сезіне алатын күшкене ғана адамдар. Ата-ананың міндеті – балаға сыртқы әлеммен қарым-қатынасты үйрету. Біз оларды қалжың арқылы қатыгездікке үйретуіміз дұрыс емес",
Оның айтуынша, бұл, сонымен қатар, зорлық-зомбылыққа жақын адамдарға әсер етуі мүмкін.
Ол бала психикасы өте нәзік, әрі үлкендердің проблемаларын түсінуге дайын емес екенін түсіндірді. Үлкендер қалжың деп қабылдағанды, олар басқаша көреді. Балаларда өмірлік тәжірибе жоқ, сондықтан олар бәрін тікелей түсінеді, қабылдайды.
"Мұндай форматтағы роликтер бала психикасын деформациялап, өзгертіп, қиялға әсер етіп, іс-әрекет ету, мінез-құлықтың жаңа ұстанымдарын қалыптастырады",
– деп түйіндеді маман.
Балалардың психикасында қалатын із
Психоаналитикалық бағыттағы психолог Миргүл Бимағамбетова Taspanews.kz тілшісімен әңгімелесуде блогердің контенті неге соншалықты танымал екенін айтады.
"Оның мазмұны сезімдердің өте үлкен полярлық спектрін тудырады. Шок, жеккөрушілік, реніштен катарсиске, жеңілдікке, қуаныш пен көңілділікке дейін. Дәл осы бейнелер қызығушылық тудырады, жазылушылардың назарын аударады",
Психологтың ойынша, бұл видеолар бала психикасына әсер етеді.
"Бұл қойылым болса да, балалар үшін шындық пен ойынды ажырату қиын. Бұл отбасында қандай да бір ауыр жағдай болған кезде, ата-ана дауыс көтерсе, балалар шатасып, оны пранк сияқты қабылдауы мүмкін",
Оның айтуынша, бұл балалар үшін өте қауіпті. Олар пранк, ойын және шындықты ажырата алмай қалады. Психолог блогердің бейнеролигі зорлық-зомбылықты насихаттайды деп ойлайды.
"10 рет хэппи-енд болса да, бұл зорлық-зомбылықты насихаттаудың көрінісі"