Онкоскрининг барлық азаматтарға қолжетімді болады
Қазақстанда онкологиялық ауруларды ерте анықтауға арналған скрининг сақтандыру мәртебесіне қарамастан, барлық азаматтарға тегін жүргізілетін болды. Бұл медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі аясында көрсетілетін қызметтер тізіміне кіретін болады – деп хабарлайды Taspanews.kz Парламент Мәжілісіне сілтеме жасап.
Мәжіліс депутаттары халықтың нысаналы топтарын скринингтік зерттеулермен толық қамту үшін онкологиялық ауруларды ерте анықтауға арналған скринингті тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлеміне енгізуді ұсынды. Осы өзгерістер қабылданған жағдайда, Қазақстанның барлық азаматы скринингтен өте алады.
Сонымен қатар, депутаттар медициналық көрсеткіштері бар, алайда мүгедектігі ресми тіркелмеген азаматтарды есту аппараттарымен қамтамасыз етуді жергілікті бюджет есебінен жүзеге асыруды ұсынды. Бұл түзету есту қабілеті бұзылған азаматтарды әлеуметтік қолдауды күшейтуге бағытталған.
Осыдан бөлек, медициналық қызмет көрсету кезінде пациенттердің өмірі мен денсаулығына зиян келтіру жағдайларын қарастыру үшін тәуелсіз сараптама комиссиясын құру тетігі жетілдірілетін болады.