Өз еркімен қоныс аудару: жұмыс күші тапшы аймақтарға 5000-ға жуық адам көшті

Фото: ҚР ЕХӘҚМ

Жұмыс күші тапшы өңірлерге жұмыс күші артық жерлерден 5 мыңға жуық адам өз еркімен қоныс аударды, – деп хабарлайды Taspanews.kz Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне сілтеме жасап. 


Нақтыласақ, 1 шілдеге қарай 4 869 адам, оның ішінде 1 891 қандас және 2 978 адам қоныс аударды. Олар мемлекеттік қолдау шараларымен қамтамасыз етілді. 2024 жылдың соңына дейін 9483 адамды көшіру жоспарланған.


Қоныстану аясында Павлодар облысына – 2 036 адам, Солтүстік Қазақстан облысына – 1 163 адам, Қостанай облысына – 540 адам, Шығыс Қазақстан облысына – 402 адам, Абай облысына – 362 адам, Ақмола облысына – 285 адам, Қарағанды облысына – 43 адам, Ұлытау облысына – 38 адам жұмыс бабымен көшті.


Солардың ішінде 1 491 еңбекке қабілетті қоныс аударушы мен 944 қандастың 1 288-і жұмысқа орналастырылды. 111 адам кәсіпкерлік қызметін дамытуды көздеген. 1 адам бизнес грантын иеленді.


Қандастарымыздан Өзбекстаннан – 631 адам, Моңғолиядан – 616 адам, ҚХР – 472 адам, Ресейден – 110 адам, басқа елдерден – 62 адам көшкен.


Қоныс аударушыларды жұмысқа орналастыру денсаулық сақтау, ауыл шаруашылығы, білім беру және өнеркәсіп салалары бойынша жүзеге асты.


" Естеріңізге сала кетейік, ерікті қоныс аудару аясында қоныс аударушыларға мемлекеттік қолдаудың мынадай шаралары ұсынылады:
- отағасына және отбасының әрбір мүшесіне 70 АЕК мөлшерінде көшуге арналған бір реттік субсидия;
- отбасы мүшелері саны мен елді мекенге байланысты 15-тен 30 АЕК-ке дейінгі мөлшерде 12 ай ішінде тұрғын үй жалдауға және коммуналдық қызметтерге ақы төлеуге ай сайынғы субсидиялау;

- қысқа мерзімді кәсіптік оқытуға жолдама;

- жұмысқа орналасуға немесе кәсіпкерлік бастаманы дамытуға жәрдемдесу;

- экономикалық ұтқырлық сертификаттарын беру"

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі

Қоныс аударушыларға көмек көрсеткен жұмысшыларға тұрғын үймен қамтамасыз еткендігі және кемінде 2 жылға тұрақты жұмысқа орналастырғаны үшін 400 АЕК мөлшерінде біржолғы субсидия қарастырылған.