Павлодарда автобус жүргізушісі есірткіге мас күйінде ұсталды

Фото: Polisia.kz

Павлодар полицейлері қоғамдық көлікті есірткі мас күйінде жүргізген автобус жүргізушісін ұстады, – деп хабарлайды Taspanews.kz ҚР ІІМ порталына сілтеме жасап. Құқық қорғау органдарының қызметкері тексеру барысында жүргізушінің әдеттен тыс әрекетін байқаған.


Павлодар патрульдік полиция батальонының командирі Айдар Сламбеков болған оқиғаның егжей-тегжейін мәлімдеді. Бұл оқиға орын алған мекен-жай – Қамзин көшесі, 35.  Оның айтуынша, дүйсенбі, 29 шілдеде таңғы сағат 9:15 шамасында автобус тоқтатылды. Әңгімелесу кезінде жүргізушінің бейберекет әрекеттері назар аудартып, бұл полиция қызметкерінің күдігін тудырды. Сараптама құқық қорғау органдарының алаңдаушылығын растады: жүргізушінің, шынымен де, есірткімен ісі болған. Оған қарсы әкімшілік хаттама жасалып, іс сотқа берілді. Көлік маршруттан шығарылды.


Өңірдегі мұндай жағдайлардың статистикасы да назардан тыс қалмайды. Ағымдағы жылдың басынан бастап Павлодар облысында мұндай көлік жүргізудің 787 жағдайы тіркелді.


Айта кету керек, қазір өңірде "Автобус"атты ауқымды акция өтіп жатыр. Оның мақсаты – қоғамдық көліктің жай-күйін бақылау және жүргізушілерді медициналық тексеруден өткізу. Акция барысында қоғамдық көлік жүргізушілері тарапынан 119 түрлі бұзушылықтар тіркелді. Бұзушылықтардың көпшілігі бұрыс маневр жасау және қозғалыс кезінде ұялы телефондарды қолдануға байланысты.