«Пайдасынан зияны көп»: Мәжіліс депутаты Самат Нұртаза уақыттың кері қайтарылуын қолдайды

Фото: Жасанды интеллект

Жуықта Amanat партиясының бірнеше депутаты әлеуметтік желіге бейнеролик жүктеп, мемлекетті бірыңғай сағаттық белдеуге ауыстыру туралы шешімді қайта қарауды сұрады. Үкімет бастаманы қайта қарауға уәде берді. Мәжілісмен Самат Нұртаза Taspanews.kz тілшісіне неге бұрынғы сағаттық белдеуге қайту бастамасын қолдайтыны туралы айтып берді.


«Бұл қауіпті»


Қазақстанның бірыңғай сағаттық белдеуде болу туралы шешімді қайта қарауға ұсынған бастамашылардың қатарында Ринат Зайытов, Нұртай Сабильянов, Лұқбек Тумашинов, Мақсат Толықбай, Самат Нұртаза және Гүлдара Нұрымова  бар. Самат Нұртаза өзінің Астана тұрғыны екенін алға тартты.


«Уақытты қайтарғаннан маған келіп-кетер пайда жоқ. Бірақ менің көптеген туыстарым мен достарым, сыныптастарым елдің шығысында тұрады. Бұл Семей, Өскемен, Талдықорған және Алматы. Бұл жақтың тұрғындары жазда таң атысымен, түнгі 3-те оянып жүрген. Әтештер күн көзін көре сала оятқан. Ал менің Жарма, Ақсуат, Сарысу аудандарындағы туыстарым оларға сиырды 1 сағатқа ерте сауулары керек болатынын айтты, себебі малдың сүт беретін уақыты сағаттың тіліне бағынбайды»,  – деді ол.

Ол кейбір аудандардағы екінші ауысымда оқитын оқушылар бұрын күн жарықта үйлеріне қайтса, қазір қараңғы түсе бір-ақ жететінін айтты.


«Алтыншы сабақтан соң қараңғыда үйге қайту – өте қауіпті. Барлық жер бірдей жарықтандырылмаған. Біз тек қалалар туралы емес ауылдық жерлер туралы да сөз қозғап отырмыз. Мысалы, бір ауылда бесінші сынып оқушысының алдынан қасқыр шығуы мүмкін. Онда қайғылы жағдай орын алады. Уақыттың ауысуымен туындаған мұндай мәселелер саны аз емес. Менің депутат әріптестерім жергілікті халықтың күнделікті шағым түсіретіндерін айтты»,  – деді Нұртаза.

Депутатының айтуынша, уақытты қайтаруды көбінесе шығыс қазақстандықтар сұрайды.


«Осыған байланысты біз, депутаттар мұны зардап шегіп отырған төрт облыс тұрғындарының алдындағы борышымыз деп санаймыз. Батыс өңірлердегі тұрғындарға жақсы. Олар мұны бұрыннан армандаған. Айтады ғой, біреуге жақсы болса, кейбіріне қолайлы болмауы мүмкін. Сондықтан мен уақытты бұрынғы қалпына келтіру керек деп есептеймін»,  – деді ол.

«Зияны көбірек екен»


Самат Нұртаза сағаттық белдеу туралы петицияны талқылау болып жатқанда елде болмағанын айтты.


«Біз метеоролог емеспіз. 1 наурызда бірыңғай сағаттық белдеуге келгенде, біз мәселені толықтай түсінген жоқпыз. Бір сағаттың арысы не, берісі не деп ойладық. Сөйтіп, мемлекеттің бірыңғай сағаттық белдеуде болуына жол бердік. Одан бөлек, біздің көршілеріміз ҚХР толығымен Пекиннің уақытына қарайды. Әрине, бірыңғай сағаттық белдеудің пайдасына қарағанда зияны көп болып шықты»  – деді Самат Нұртаза. 

Пайдасына ол мемлекет тұрғындарының жұмыс уақыты біркелкі болғанын айтты.


«Бұрын мен Алматыда жұмыс істегенде таңғы 9-да немесе 9.30-да Ақтөбелік әріптестеріме хабарласатынмын. Ал олар бұл уақытта жұмыста болмайды. Өйткені, олардың жұмыс уақыты біздікінен бір сағат артта. Мысалы, мен жұмыстан 18:00-де шықсам, маған Ақтөбелік әріптесім 18:30-да хабарласады. Себебі, оның жұмыс уақыты әлі аяқталмаған»,  – деді депутат.

Ол бұрынырақ уақыттың айырмашылығына байланысты тұрғындар пойызға отырғанда шатасып жататынын айтты.


Самат Нұртаза жаңа уақыттың «адамның жүйке жүйесіне қатты әсер ететіні жайлы» дәрігерлердің қорытындысы барын жеткізіп, түйіндеді.


Бұрынырақ Taspanews.kz редакциясына Мәжіліс депутаты Ринат Заитов неге әртүрлі уақыт белдеулеріне оралуды жақтағаны туралы айтты.