Сенат резервтегі әскери қызмет туралы заңды мақұлдады

Бүгін Сенат Спикері Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен өткен Палата отырысында сенаторлар бірқатар заңдарды қарады, – деп хабарлайды Taspanews.kz ресми ақпаратқа сілтеме жасап.
Отырыс барысында екі оқылымда мақұлданған «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне резервтегі әскери қызмет және жекелеген орталық мемлекеттік органдардың функцияларын қайта бөлу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң Қарулы Күштердің резервтік әлеуетін нығайтуға бағытталған.Жаңа заң резервтегі әскери қызметтің құқықтық негіздерін бекітеді, азаматтардың құқықтары мен міндеттерін нақтылап, әлеуметтік қамсыздандыру мәселелерін реттейді.
Құжат бойынша арнаулы мемлекеттік және құқық қорғау органдарында қызмет ететін, вахталық әдіспен немесе ауысымдық жұмыста істейтін азаматтар резервтегі әскери қызметке қабылданбайды.Сондай-ақ, заң 2016 жылғы 1 қаңтардан бастап әскери қызметшілерге тағайындалған зейнетақы төлемдерін жыл сайын индекстеу және жеткілікті еңбек сіңірген жылдары бар күштік құрылымдар қызметкерлеріне келісімшарт мерзімі аяқталғаннан кейін зейнетақы төлемдерін алу құқығын беру мәселелерін қарастырады.Сонымен қатар, Сенат отырысында Қазақстан мен Ресейдің энергетикалық жүйелерінің қатар жұмыс істеуін қамтамасыз етуге бағытталған келісім де ратификацияланды.
Бұл құжат екі ел арасындағы электр энергетикасы саласындағы ынтымақтастықты кеңейтіп, Қазақстанның энергетикалық жүйелеріндегі реттеуші қуаттардың тапшылығын азайтуға мүмкіндік береді.