Шағын бизнестен түсетін кірістер жергілікті бюджеттерге жөнелтіледі

Pixabay фото на taspanews.kz от 04 декабря 2024 16:00
Фото: pixabay.com

 Қазақстанда жаңа Бюджет кодексінің қабылдануы кірістерді елдің бюджет жүйесінің деңгейлері арасында бөлуге елеулі өзгерістер енгізеді. Реформаға сай, бұрын республикалық бюджетке түскен қаражат енді жергілікті бюджеттерге аударылатын болады, – деп хабарлайды Taspanews.kz Мәжілістің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.


Бұл инновациялар өңірлердің қаржылық тәуелсіздігін нығайтуға және жергілікті жерлерде ресурстарды тиімдірек басқару үшін жағдай жасауға мүмкіндік береді.


"Жаңа Кодекске сәйкес, енді жергілікті бюджеттерге цифрлық майнинг үшін төлем, автокөліктердің Қазақстан аумағы бойынша өтуі үшін алым, радиожиілік спектрін пайдалануға рұқсат бергені үшін алымдар (теле - және радио хабарларын таратуды қоса алғанда), ойын бизнесіне салынатын салық, мемлекеттік баждар мен әкімшілік құқық бұзушылықтар үшін айыппұлдар түсетін болады", – Мәжіліс баспасөзі.


Алдын ала есептеулер бойынша жергілікті бюджетке берілетін кірістер көлемі шамамен 95,1 млрд теңгені құрайды. Бұл деректер 2023 жылғы көрсеткіштерге негізделген және жергілікті биліктің қаржылық әлеуетінің айтарлықтай өскенін көрсетеді.


Шағын және орта бизнесті (ШОБ) қолдауға ерекше назар аударылды.


"Шағын-орта бизнес субъектілерінен жиналатын корпоративтік табыс салығы және жеке табыс салығы енді аудандар мен аудандық маңызы бар қалалардың бюджеттеріне есептелетін болады. Бұл қаражатты жергілікті мәселелерді шешуге тиімдірек бағыттауға, сондай-ақ ондағы  кәсіпкерлікті дамытуды қолдауға мүмкіндік береді", – ақпараттық хабарламада атап өтіледі.


Бұл өзгерістер жергілікті бюджеттердің кіріс құрылымына айтарлықтай әсер етеді. Атап айтқанда, жергілікті кірістердің жалпы құрылымындағы аудандық бюджеттердің үлесі  елдің 17 облысы бойынша 35% - дан 47% - ға дейін өседі. Кірістерді бөлудің бұрынғы бөлек механизмі Республикалық маңызы бар қалалар мен Астанада сол қалпында қалады.


Жаңа кодекс, сонымен қатар, облыстық бюджеттер, Республикалық маңызы бар қалалар бюджеттері мен елордалық бюджет арасындағы өзара қатынастарды реттейді.


Негізгі бағыттардың бірі – агломерацияларды дамыту жобаларын қаржыландыру. Бұл шаралар урбанизацияны қолдау, инфрақұрылымды жақсартуға және ірі қалалар мен олардың маңында өмір сүруге қолайлы жағдай жасауға бағытталған.


Мәжілістің баспасөз қызметі Бюджет кодексін реформалау бірнеше негізгі мақсаттарға қол жеткізуге бағытталғанын еске салды. Біріншіден, өңірлердің қаржылық тәуелсіздігі арта түспек.


Табыстың бір бөлігін жергілікті бюджетке беру өңірлерге белгілі бір аумақтардың өзекті мәселелерін жедел шешуге, қаражатты дербес басқаруға мүмкіндік береді. Екіншіден, шағын және орта бизнесті дамытуды ынталандыру көзделген.


ШОБ салығынан аудандық деңгейге түсетін түсімдер кәсіпкерлерді қолдауға мүмкіндік береді, бұл жаңа жұмыс орындарын құруға және салық базасын ұлғайтуға ықпал етеді. Сонымен қатар, өзгерістер халық үшін қызмет көрсету сапасын жақсартуға бағытталған.


"Аудандық және облыстық бюджеттердің қаржылық базасын күшейту әлеуметтік инфрақұрылымды, білім беруді, денсаулық сақтауды және басқа да салаларды жақсартуға ықпал етеді. Ірі қалалар мен агломерацияларды дамытуға ерекше көңіл бөлінеді. Агломерациялық жобаларды қаржыландыру көлік және тұрғын үй инфрақұрылымын жақсарту арқылы урбанизацияны жеңілдетуге көмектеседі",


– деп түсіндірді баспасөз қызметінде.


Жаңа Бюджет кодексі ірі қалаларды да, шағын елді мекендерді де қолдауға бағытталған. 


Следите за новостями Taspanews