Шерзат Полаттың әкесі қамауға алынды

Фото: istockphoto.com

Талғарда қазаға ұшыраған Шерзат Полаттың әкесі Қаржаубай Нұрымов бұзақылық жасағаны үшін айыпты танылып, 15 тәулікке әкімшілік қамауға алынды, – деп хабарлайды Taspanews.kz.


Үкім 2024 жылдың 10 желтоқсанында шығарылды. Бұл туралы Қаржаубай Нұрымовтың адвокаттары шешімге шағым жасалатынын айтты.


Justice_for_sherzat парақшасында жарияланған ақпаратқа сәйкес, Нұрымовтан басқа оның отбасы мүшелері де жазаға ұшыраған.


«Қаржаубай Нұрымовтың туысқаны – Бақытқа митинг жасауға және наразылық білдіруге шақырды деген айып тағылды. Ол басқа елдің азаматы болғандықтан 15 тәулікке қамауға алынып, депортацияланды. Келесі отбасы мүшесі – Салтанатқа сот бұзақылық деп таныған оқиғаға қатысқаны үшін 20 АЕК көлемінде айыппұл салынды. Сондай-ақ жақын арада сотта Қаржаубайдың күйеу баласы Айғазының ісі қаралады», – деп хабарлады құқық қорғаушылар.

Қаржаубай Нұрымов 10 желтоқсанда, Шерзаттың ағасы Нұрқанат Ғайыпбаевты жерлеу рәсімінен кейін ұсталды. Бұл күні қатты эмоционалдық күйзеліске ұшыраған Нұрымов жүк көлігіне шығып, өзіне қол жұмсаймын деп қорқытқан. Ол полицияға, кейіннен медициналық мекемеге тексерілу үшін жеткізілді.


Бұл оқиға 2024 жылдың қазан айында болған Шерзат Полаттың қайғылы қазасына қатысты кең ауқымды резонанстың бір бөлігі.