Сот Қайрат Нұртасты 15 күнге қамауға алуға ұйғарды

Фото: Қайрат Нұртастың инстаграм парақшасынан

ҚР Жоғарғы Соты өзінің telegram-каналында Қайрат Нұртастың ұшақ салонындағы бұзақылығы туралы іс бойынша сот отырысының нәтижелерін жариялады (Толық аты-жөні – Қайрат Нұртасұлы Айдарбеков), – деп хабарлайды Taspanews.kz. Судья әншіні 15 тәулікке қамауға алуды ұйғарды.


Отырыс 5 шілде, жұма күні Елорда сотында өтті. Нұртасқа ұсақ бұзақылық жасағаны (ӘҚБтК-тің 434-бабы 2-б.) және денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіргені үшін айып тағылды (ӘҚБтК-нің 73-1 бабы 1-б.). Іс материалдарына сәйкес, ұшу кезінде әнші өзінің танысымен жанжалдасып, оны бетінен ұрған. Сотта таныстардың татуласуына қарамастан, Қайрат Нұртасқа 15 тәулікке қамауға алу тағайындалды.


Оған себеп – бір жыл ішінде заңды қайта бұзу. Бұған дейін, көктемнің ортасында ол бұзақылық үшін 20 АЕК айыппұл төлеген болатын.  


Сот қаулысы әлі заңды күшіне енген жоқ.