Сот студент қыздың әкесінен алимент өндірді
Абай аудандық соты студент қыз Е.-нің әкесінен өзін күтіп-бағуға алимент өндіру туралы талабын қарады, – деп хабарлайды Taspanews.kz Абай облыстық сотына сілтеме жасап.
Талапкердің айтуынша, ол педагогикалық университеттің күндізгі бөлімінің 1-курс студенті, оқу мерзімі 2024 жылдың 25-тамызынан 2028 жылдың 30-маусымына дейін жалғасады. Ол соттан 21 жасқа толғанға дейін ай сайын 15 АЕК көлемінде алимент төлеуді міндеттеуді сұрады.
Сот барысында Е. өзінің күндізгі бөлімде оқитынын және 75 600 теңге көлемінде шәкіртақы алатынын растады. Алайда бұл қаражат оның оқуына және күнделікті шығындарына жеткіліксіз екенін, ал әкесі қаржылай қолдау көрсетпейтінін мәлімдеді. Жауапкер Р. зейнеткер екенін және 156 300 теңге көлемінде зейнетақы алатынын айтты. Сондай-ақ, оның басқа табыс көзі жоқ екенін, 2009 жылы туған қызы А.-ға зейнетақысының 25%-ын алимент ретінде төлеп отырғанын жеткізді. Ол жаңа отбасын құрғанын, 2019 жылы туған ұлы мен 2-топтағы мүгедек жұбайын асырап отырғанын атап өтіп, алимент мөлшерін 5 АЕК-ке дейін азайтуды сұрады.
Сот процесінде үшінші тарап қыз – Қ. Р. мен Е.-нің ортақ баласы екенін растады. Ол алимент 18 жасқа дейін төленіп келгенін, жауапкерде қайын атасының атында дүкені бар екенін алға тартты. Барлық дәлелдерді қарастыра отырып, сот талап арызды ішінара қанағаттандыру туралы шешім шығарды.
Нәтижесінде, жауапкер Р. 2028 жылдың 30 маусымына дейін ай сайын 13 АЕК көлемінде алимент төлеуге міндеттелді. Талаптың қалған бөлігі қанағаттандырылмады.