Су тасқынынан кейін инфрақұрылымды қалпына келтіруге қосымша қаражат бөлінді

Фото: ҚР Премьер-Министр сайты

Үкімет су тасқынынан кейін зардап шеккен инфрақұрылымды қалпына келтіру үшін 22,7 млрд теңге бөлді, – деп хабарлайды Taspanews.kz ҚР Премьер-Министр сайтына сілтеме жасап.


Қазақстан Үкіметі көктемгі су тасқыны салдарын жою және қираған инфрақұрылым объектілерін қалпына келтіру үшін төтенше резерв қорынан қосымша 22,7 миллиард теңге бөлді. Тиісті өкімге ҚР Премьер-министрі Олжас Бектенов қол қойды.


Қаражатты әкімдіктер Ақмола, Ақтөбе, Қостанай және Солтүстік Қазақстан облыстарындағы жолдарды, көпірлерді және су өткізу құрылыстарын қалпына келтіру, реконструкциялау және салу үшін бағыттайтын болады.


Атап айтқанда, Ақтөбе облысында 31 жобаны іске асыру жоспарлануда, оның ішінде Ырғыз-Нұра, Кұтикөл, Құмтоғай автожолдарындағы су өткізу құбырларын жөндеу, Ойыл ауылына апаратын жол, Ойыл өзені арқылы өтетін көпірді қайта жаңарту және Әйтеке би ауданындағы Әйке ауылында көпір өткелін салу.


Ақмола облысында Атбасар қаласына апаратын автожол учаскесі, Атбасар-Сочи автожолы қайта жаңартылады, сондай-ақ Жалтыр-Макинск автожолдары, Колутон, Жамбыл ауылдарына және басқа да елді мекендерге кіреберіс жол жөнделеді. Барлығы 14 бағыт жоспарланған.


Қостанай облысы автожолдарды, көпірлерді және 10 су өткізу құрылыстарын жөндеу және реконструкциялау бойынша 22 бағытты іске асыру үшін қаражат алады.


Солтүстік Қазақстан облысында Көкшетау-Омбы бағытын қоса алғанда 10 автомобиль жолын жөндеу, сондай-ақ 22 шақырымға су өткізу құбырларына орташа жөндеу жүргізу жоспарлануда.


Еске салсақ, 2024 жылдың 17 шілдесінде ҚР Премьер-министрі Олжас Бектенов су тасқынынан кейін тұрғын үй мен инфрақұрылымды қалпына келтіру мәселелері бойынша отырыс өткізген. Жиналыс барысында Үкімет басшысы қалпына келтіру жұмыстарының қарқынын жеделдетуді, міндеттерді жедел шешу үшін адами және техникалық ресурстарды жұмылдыруды тапсырды.