«Сыйластық пен сауаттылықты талап етейік»: Тамара Асар оқырмандарына ескерту жасады
Қазақстандық әнші Тамара Асар мезгілсіз уақытта мазалайтын адамдарға ескерту жасады. Түнгі уақытта жазған оқырманы өнер иесінің ашуына тиген көрінеді. Бұл туралы Taspanews.kz әншінің Instagram-дағы ресми парақшасына сілтеме жасап хабарлайды.
Оның сөзінше, кейбір адамдар өнер иесінің жеке нөмірін тауып алып, уақытқа қарамай жазатын көрінеді.
«Өзің танымайтын белгілі адамның нөмерін тарату, оған мезгілсіз уақытта жазу – әдепсіздік. Заң жүзінде тәртіп бұзумен тең. Әлеуметтік желіде көмекшілерімнің нөмері бар. Сол кісілерге хабарласа аласыздар. Туысқан мен жақындарымның өзі сұрауларын жүйелі түрде жеткізеді. Жастар да, жас еместен де, сыйластық пен сауаттылықты талап етейік. Ал Алланың атын жамылып, хәл үстінде жатқан адамның жағдайын пайдаланып, түнде таңда жазуға рұқсат жоқ», – деп жазды әнші.
Одан бөлек әнші өзінің репертуарындағы әндерді орындағысы келетіндерге де туындыларды пайдаланудың әдебін түсіндірді.
«Өзіңізге ұнаған менің орындауымдағы кез келген әнді жеке кәдеңізде қайталап, орындауыңызға болады. Бірақ дәл музыкасына өз даусыңызды жазып алып, әлеуметтік желіге таратуға қарсымын. Платформаларға жүктеуге қарсымын», – деді Тамара Асар.