TikToker Қазақстан туын қорлағаны үшін сотталды

Фото: pexels

Түркістанда Қазақстанның мемлекеттік рәміздерін, туды қорлаған жас жігіт жауапқа тартылды, - деп хабарлайды Taspanews тілшісі қалалық соттың үкіміне сілтеме жасап.


2006 жылы туған жергілікті тұрғын мемлекеттік рәміздерді қорлағаны үшін сотталды. Іс материалдарына сәйкес, ағымдағы жылдың 14 сәуірінде жас жігіт Түркістан қаласының орталық көшесінің бойымен көлік жүргізіп келе жатып, орнатылған Қазақстанның туын видеоға түсіріп алған. Келесі күні ол бейнені TikTok желісінде негативті пікір жариялап, республикалық туды «шүберек» деп атады. Кешке қарай бейнебаян көптеген сынға тап болды және қолданушылар наразылықтарын білдірді.


Автор видеоны өшіріп тастағанымен, кейбір қолданушылар полиция мен прокуратураға хабарласқан. Тергеу басталып, оның барысында жігіттің жеке басы анықталды. Ол қамауға алынып, ҚР Қылмыстық кодексінің 372-бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды. Психологиялық-филологиялық сараптама оның сөзінен Қазақстанның мемлекеттік рәмізін қорлау белгілерін анықтады.


Сот отырысында жас жігіт өз кінәсін мойындап, өкініп, кешірім сұрады. Тергеу оның кінәсін дәлелдеді. Сот оны бір жылға бас бостандығынан айыруға және жүз сағатқа мәжбүрлі жұмысқа тартуға үкім етті. Үкім әлі заңды күшіне енген жоқ.


Айта кетейік, Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 372-бабына сәйкес, Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздерін қорлау үш мың айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде (11 076 000 теңгеге дейін) айыппұл салуға әкеп соғады. Не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына, не тоғыз жүз сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға, не екі жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.