Тоқаев Алматыда Ерболат Досаевпен кездесті
Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаевпен кездесті, - деп хабарлайды Taspanews Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Мемлекет басшысы Алматы қаласының 2024 жылғы қаңтар-сәуір аралығындағы әлеуметтік-экономикалық дамуының алдын ала қорытындылары туралы есебін тыңдады.
Алматы экономикасының негізгі секторлары есепті кезеңде айтарлықтай өсім көрсеткені атап өтілді: көлік қызметінің көлемі 17,5%-ға, құрылыс – 5,7%-ға, байланыс – 4,4%-ға өсті. Мегаполис экономикасына тартылған жеке инвестиция 360 млрд теңгені құрады, бұл 5,8%-ға өскенін көрсетеді.
Мемлекет басшысына 2024 жылғы сәуірде Алматыда жылдық инфляция 9,1%-ға дейін төмендегені туралы хабарланды. Сондай-ақ, жыл басынан бері 19,5 мың жұмыс орны ашылып, жұмыссыздық деңгейі 4,7 пайызға дейін төмендегені айтылды.
Ерболат Досаев қаланың проблемалық аудандарын тұрақты сумен қамтамасыз ету бойынша атқарылып жатқан шаралармен бөлісті. 2024 жылдың ақпан айында қаланың жоғарғы бөлігінде резервтік сумен жабдықтау схемасын құру басталды, оны аяқтау ағымдағы жылдың 1 шілдесіне жоспарланған. «Балқаш» таза су қоймасы іске қосылды.
Сондай-ақ, Мемлекет басшысына Алматы қаласының көліктік негізін қалыптастыру аясындағы жобаларды іске асыру барысы туралы нақтыланған ақпарат берілді. Кездесу қорытындысы бойынша Мемлекет басшысы Алматы экономикасын әртараптандыру, баға тұрақтылығын қамтамасыз ету және инфляцияны төмендету үшін инвестиция тарту бойынша жұмысты жалғастыруды тапсырды.
Мегаполисті сумен қамту жағдайын бақылау қажеттігіне ерекше назар аударылды.