Ұлттық ұлан курсанттары шетелдік әскери академияларда білім алуда
Қазақстанда 1000-нан астам әскери қызметші елдегі және шет мемлекеттердегі жоғары оқу орындарында білім алып, кәсіби даярлығын жетілдіруде. Олардың ішінде 200-ге жуық курсант пен 30 офицер Ресей, Түркия және Қытайдың беделді әскери академияларында оқуда, – деп хабарлайды Taspanews.kz ҚР Ұлттық ұланына сілтеме жасап.
Әскери қызметшілер тактикалық дайындық, қару-жарақ жүйелері, құқықтық тәртіп пен стратегиялық шешім қабылдау дағдыларын меңгеруде. Түркия Жандармерия академиясының курсанты Ғани Ұзақбайдың айтуынша, шетелдік оқу орындарында қатаң тәртіп пен тәжірибеге негізделген дайындық кез-келген әскери жағдайда дұрыс әрекет етуге үйретеді.
Кәсіби біліктілігін арттыру үшін жыл сайын 450-ге жуық қазақстандық әскери қызметші арнайы курстарға жіберіледі. Ұлттық ұлан офицерлерін даярлау барысында олардың жауынгерлік қабілетін нығайтуға, тәртіп пен физикалық дайындыққа ерекше көңіл бөлінеді.