Ұлытау облысында балабақшада қатыгездік танытқан тәрбиелеушіге жаза тағайындалды
Ұлытау облысында балабақша тәрбиелеушісіне қатысты ҚР Қылмыстық кодексі бойынша жаза тағайындалды, – деп хабарлайды Taspanews.kz облыс әкімдігіне сілтеме жасап.
Ұлытау облысының Кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында кәмелетке толмағандарды тәрбиелеу мекемесінің қызметкеріне қатысты іс қаралды. 2023 жылдың 18 қазанында жұмысқа тұрған тәрбиелеуші акварель бояуын аузына салған балаға ескерту жасап, қолымен ерін тұсынан соққы жасаған. Кейіннен, баланың желкесінен ұрып жіберіп, үстелінен көтергені белгілі. Осыдан соң, жуынатын бөлмеге апарып, мойнынан ұстап итергеннен бала құлап қалады, Ол оны көтеріп алып, жуынатын бөлмеге апарады.
Тәрбиелеуші аталған айыптар ішінде баланы ұрғанын мойындамады. Дәлелдемелер, бейнебақылау камерасы арқылы мұны растап, қатыгездік деп таныған сот тәрбиелеушіні ҚК 140-бабының 2-бөлігі бойынша күнәлі тапты. Сот шешімі заңды күшіне енген жоқ.
«Сот үкімімен Ш. ҚК-ның 140 бабының 2-бөлігімен кінәлі деп танылып, оған педагогикалық лауазымдарды және кәмелетке толмағандармен жұмыс істеумен байланысты лауазымдарды атқаруға 3 жылға тыйым салумен қоса, 80 сағатқа қоғамдық жұмыстарға тарту жазасы тағайындалды. Сонымен қатар, кәмелетке толмаған жәбірленушінің заңды өкілінің пайдасына келтірілген моральдық зиян үшін 200 000 теңге өндірілді»