Үш мың қазақстандық әскери жиынға қатысады

Фото: ҚР ҚМ

Биыл үш мың қазақстандық әскери жиынға қатысады, – деп хабарлайды Taspanews.kz ҚМ сілтеме жасап.


ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі ұйымдастырған брифингте Қарулы Күштер Бас штабы бастығының орынбасары генерал-майор Сәкен Жүсіпов үш мың қазақстандық қатысатын алдағы әскери жиындар туралы айтты.


Қорғаныс министрлігінің өкілі журналистерді осы кезеңде әскери жиындарды өткізудің мақсаттарымен, мерзімдерімен, қатысушылардың жас топтарымен және олар үшін әлеуметтік кепілдіктермен таныстырды.


Әскери жиындардың негізгі міндеті – бейбіт уақытта қысқартылған құрамда ұсталатын әскери бөлімдердің жауынгерлік және мобилизациялық дайындығын арттыру, сондай-ақ мобилизация жағдайында резервте әскери білімі бар ресурстарды дайындау және толықтыру болып табылады.


Жүсіпов әскери жиындар жыл сайын өткізілетінін және олардың ұзақтығы 30 күнге дейін болатынын хабарлады. Егер өткен жылы оларға 1500 адам қатысса, биыл қатысушылар саны екі есеге артты.


Шақырылғандар санының артуы талап етілетін әскери-есептік мамандықтар бойынша даярлау жолымен әскери оқытылған резервті жинақтау қажеттілігімен байланысты. Мұндай жиындар әскери міндеттілердің білімін жаңартуға және олардың дағдыларын жаңартуға мүмкіндік береді, - деп түсіндірді ол.


Сондай-ақ, Спикер БАҚ өкілдеріне жас шектеулері мен шақырудан босатылған адамдардың санаттары туралы хабардар етті. Қатардағы және сержанттық құрамдағы азаматтар 50 жасқа дейінгі, ал офицерлердің 60 жасқа дейінгілері шақырылуы мүмкін. Егін егу және егін жинау жұмыстары кезеңінде ауыл шаруашылығымен айналысатын адамдар, оқу жылы ішінде күндізгі оқу нысандарының педагогтері, сондай-ақ он сегіз жасқа дейінгі үш және одан да көп балалары бар ата-аналар шақырудан босатылады. Шақыру алдында барлық азаматтар медициналық комиссиядан өтуге міндетті.


Әскери жиындарға шақырылған әскери қызметшілер ретінде киім-кешекпен, тамақпен және медициналық қызмет көрсетумен қамтамасыз етіледі.


Жиын кезінде олардың жұмыс орындары мен атқаратын лауазымдары сақталады, оларға орташа жалақы төленеді. Жұмыс істемейтіндерге – мемлекет есебінен ең төменгі жалақы төленеді, яғни 85 000 теңге.


Әскери міндеттілерді жиындарға әкелу және кері тасымалдауды Қорғаныс министрлігі жүзеге асырады. Жиындар оқу полигондарында өткізіледі, онда әскери міндеттілер далалық лагерьде орналасады.


Жүсіпов сондай-ақ жиындарға шақырылған әскери міндеттілер әскери қызметшілер мәртебесін алатынын және казармалық жағдайда екенін атап өтті. Оларды бөлімнің орналасқан жерінен босатуды ішкі қызметтің белгіленген жарғысына сәйкес жүргізіледі.


Брифинг соңында генерал-майор Жүсіпов БАҚ өкілдерінің сұрақтарына жауап берді.