Зайсан ауданында әуежай құрылысы басталды

Pexels фото на taspanews.kz от 28 марта 2025 09:52
Фото: Pexels

ҚР Көлік министрі Марат Қарабаев Зайсан ауданындағы әуежай құрылысының басталуымен танысты, – деп хабарлайды Taspanews.kz ҚР Көлік министрлігіне сілтеме жасап.


Қазақстанның курорттық аймақтары – Зайсан, Қатон-Қарағай мен Кендірліде әуежай салу туралы Мемлекет басшысының тапсырмасы жүзеге аса бастады.


Әуежай Зайсан қаласынан 25 шақырым жерде, Сәтбай ауылы маңында, бұрынғы әскери әуеайлақ базасында салынатын болады. Құрылыс 184,5 гектар аумақта жүреді. Ұшу-қону жолағы 2 200 метр болады.  


«Ұшу-қону жолағын алдағы уақытта кеңейту мүмкіндігі бар. Әуежай аймағында Bombardier Q400, ATR-72 және басқа да ұқсас типтегі заманауи әуе кемелерін қабылдау жоспарланып отыр. Қазір отандық әуе компания ATR-72 ұшақтарын сатып алу мәселесін пысықтауда. Сонымен қатар жоба аясында 4 әуе кемесіне арналған перрон, сағатына 150 жолаушыға дейін өткізу қабілеті бар 4000 шаршы метрлік заманауи аэровокзал, командалық-диспетчерлік пункт, авариялық-құтқару қызметі, метеостанция және радионавигациялық жабдықтар қарастырылған», – делінген баспасөз хабарламасында.

Әуежай қолданысқа берілген соң Үрімші, Алтай мен Қанасқа халықаралық бағыттары бойынша рейстер ашылады.


Сәтбай ауылы маңында жаңа әуежайдың салынуы және «Қалбатау- Майқапшағай» күре жолының қайта жөнделуі аяқталған соң Зайсан қаласында ірі логистикалық хаб ашылуы мүмкін. Марат Қарабаев бұл мәселе Ресей Федерациясы мен Қытай Халық Республикасымен ынтымақтастықта талқыланып жатқанын жеткізді.


«Бұл ретте Тұғыл ауылында өзен порты салынады. Бастапқы кезеңде жүктер Тұғыл портына автокөлікпен тасымалданады. Одан әрі Ресей Федерациясына қарай өзен арқылы кеме қатынасы орнатылады. Жүктердің бастапқы көлемі 2 млн тонна болса, уақыт өте келе бұл көрсеткіш 10 млн тоннаға дейін өседі деп күтілуде. Қытайдағы әріптестермен қазір «Тұғыл» портын теміржолмен байланыстыратын және Ресейдегі Обь-ға, одан әрі Солтүстік теңізге шығатын «Қытай-Қазақстан-Ресей» мультимодальды логистикалық маршрутын құруға бағытталған төртінші теміржол өткелі пунктін салу пысықталуда», – делінген ҚР Көлік министрлігі хабарламасында.

Следите за новостями Taspanews