Жаңа уақыт белдеуі туралы есеп «Аmanat» мүшелеріне таныстырылды
2025 жылы 11 наурыз күні «Amanat» Фракциясының мүшелеріне бірыңғай уақыт белдеуі туралы есеп таныстырылды, – деп хабарлайды Taspanews.kz партияның ресми ақпараттық ресурсына сілтеме жасап.
Бірыңғай UTC+5 уақыт белдеуінің азаматтардың физикалық, психикалық денсаулығына әсері, еңбек өнімділігі мен энергетикалық ресурстарды қолданудағы қолайсыздықтардың бар-жоғы бойынша есеп нәтижесі шықты.
Партияның ұсынымымен жүргізілген зерттеу 6 бағыт бойынша жүргізіліп, географиялық параметрлері ұқсас елдермен салыстыру жасалды.
Партия депутаттарының алдында Премьер-Министрдің орынбасары Ермек Көшербаев сөз сөйлеп, өзге мемлекеттерде де таң ұқсас уақытта атып, бататынын айтты. Осы орайда, бұл фактор ел дамуына кері әсерін туғызбайтыны жеткізілді. Сонымен қатар, қазіргі уақыт белдеуіне көшу білім беру процесіне кері әсер етпегенін, қылмыс, жол көлік оқиғалары санын арттырмағанын түсіндірді.
«Денсаулық сақтау бірінші вице-министрі Тимур Сұлтанғазиев бірыңғай уақыт белдеуін енгізу қадамы денсаулық сақтау саласына оң өзгеріс алып келгенін, аурулар санының төмендегенін атап өтті. Мәселен, жедел жәрдем шақырту саны 0,4%-ға, жүрек-қан тамырлары ауруларымен сырқаттану көрсеткіші 3,5%-ға, психикалық және мінез-құлық бұзылысы 1,6%-ға, жарақаттану көрсеткіші 3,3%-ға, қатерлі ісіктер көрсеткіші 1,7%-ға төмендегені байқалды. Яғни, уақытты ұтымды бөлу – қоғамдық денсаулыққа оң әсерін тигізуде»,
Талқылау жұмысын қорытындылаған соң, депутаттар Үкімет келтірген ғылыми-зерттеу нәтижесін қабылдады. Осы орайда, халық сұранысы бойынша жергілікті жерлерде жұмыс кестесін өзгерту тәжірибесі жалғасын табады.