Жасанды интеллект бойынша сауалнама нәтижелері шықты

Қазақстандықтардың көпшілігі жасанды интеллектіні (ЖИ) қолдану дағдыларын меңгеруге қызығушылық танытуда. Бұл туралы ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі 3-9 наурыз аралығында eGov Mobile қосымшасында жүргізілген сауалнама нәтижелерін жариялау кезінде мәлімдеді, – деп хабарлайды Taspanews.kz ҚР ЦДИАӨМ сілтеме жасап.
Еліміздің барлық өңірлерінде өткен сауалнамаға 53 мыңнан астам азамат қатысқан. Нәтижесінде, респонденттердің 79%-ы ЖИ-мен жұмыс істеуді үйренуге ниетті екенін көрсетсе, 65%-ы оны күнделікті өмірде, ал 35%-ы кәсіби қызметінде пайдаланады.
Сонымен қатар, ЖИ-дің адам еңбегін алмастыруына қатысты пікірлер әртүрлі болды: 47% қатысушы адам бақылауы қажет деп санаса, 29%-ы жұмыс орындарының қысқаруынан қауіптенеді, ал 22%-ы ЖИ адамдарға күрделі тапсырмаларға назар аударуға көмектеседі деп есептейді.
Цифрлық сауаттылық деңгейі бойынша 22% респондент ЖИ-ді жақсы меңгерген, 43% технология туралы жалпы түсінікке ие, ал 34%-ы мүлдем білмейді. Ең белсенді қатысушылар – 30-45 жас аралығындағы азаматтар (48%).
Министрлік өкілдерінің айтуынша, сауалнама нәтижелері цифрлық білім беру бағдарламаларын әзірлеуге негіз болмақ.