Жезқазғанда есірткі тасымалдаушы 11 жылға сотталды

Фото: Depositphotos
Ұлытау облысының мамандандырылған ауданаралық қылмыстық соты есірткі заттарын заңсыз өңдеу, сақтау, тасымалдау және аса ірі көлемде сату бойынша айыпталған Қазақстан азаматына үкім шығарды, – деп хабарлайды Taspanews.kz ҚР Бас прокуратурасына сілтеме жасап.
Тергеу мәліметтері бойынша, сотталушы гашишті тұрмыстық жағдайда дайындап, оны жол сөмкесіне жасырып, жолаушылар пойызымен Жезқазғанға жеткізген. Ол есірткіні кейіннен сатуды жоспарлаған.Сот барысында прокурор айыпталушының кінәсін дәлелдейтін бұлтартпас айғақтар ұсынды. Құқық қорғау органдарының жедел іс-қимылының арқасында 5 килограмм гашиштің заңсыз айналымға түсуіне жол берілмеді.Сот үкімімен айыпталушы 11 жылға бас бостандығынан айырылды. Үкім заңды күшіне енді.