Жыл басынан бері зейнетақы төлемдері 1,8 трлн теңгеден асты
Қазақстандықтарға берілген зейнетақы төлемдері жыл басынан бері 1,8 трлн теңгеден асты, – деп хабарлайды Taspanews.kz ҚР ЕХӘҚМ сілтеме жасап.
Ағымдағы жылдың басынан бастап Қазақстанның мемлекеттік бюджетінен 1 трлн 861,7 млрд теңгеден астам қаржы зейнетақы төлеуге бөлінді. Оның ішінде базалық зейнетақы төлемдеріне 585,9 млрд теңге, ал ынтымақты зейнетақыларға — 1 трлн 275,8 млрд теңге бағытталды.
2024 жылғы 1 шілдедегі жағдай бойынша елдегі зейнеткерлердің жалпы саны 2 млн 391 мың адамға жетті.
Көрсетілген күнге жиынтық зейнетақының орташа мөлшері 132 110 теңгені құрайды, оның ішінде 89 479 теңге ынтымақты зейнетақы және 42 631 теңге базалық зейнетақы төлемі.
Естеріңізге сала кетейік, 2018 жылғы 1 шілдеден бастап базалық зейнетақы төлемдері оның зейнетақы жүйесіне қатысын ескере отырып, әрбір адамға жеке тағайындалады.
Зейнетақы өтіліне 1998 жылғы 1 қаңтарға дейін ынтымақты жүйеде жинақталған еңбек өтілі, сондай-ақ міндетті зейнетақы жарналары (МЗЖ) жүзеге асырылған кезеңдер енгізіледі.
Мысалы, егер зейнетақы жүйесіне қатысу өтілі 10 жыл немесе одан аз болса, сондай-ақ өтілі болмаса, базалық зейнетақы мөлшері ең төменгі күнкөріс деңгейінің 65%-на тең болады. Он жылдан асатын өтілі барларға әр қосымша жылға базалық зейнетақы мөлшері 2%-ға ұлғаяды. Осылайша, егер қатысу өтілі 20 жыл болса, онда базалық зейнетақы мөлшері ең төменгі күнкөріс деңгейінің 85% құрайды. 30 жылдан астам еңбек өтілі үшін базалық зейнетақы ең төменгі күнкөріс деңгейінің 105% жоғары мөлшерде белгіленеді.
Егер бір айда Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына бірнеше міндетті зейнетақы жарналары енгізілсе, қатысу кезеңі әлі де бір айды құрайды.
Демек, міндетті зейнетақы жарналары неғұрлым тұрақты және толық төленсе, зейнеткерлік жасқа жеткенде базалық зейнетақы төлемінің мөлшері соғұрлым жоғары болады.
Жасына байланысты зейнетақы төлемдерінің мөлшері 1998 жылғы 1 қаңтарына дейінгі еңбек өтіліне (кемінде алты ай қажет) және зейнетке шыққанға дейінгі кезеңде алынған орташа айлық табысқа байланысты болады.